1 сағат бұрын
Астанада футболдан діни конфессиялар арасындағы турнирдің жеңімпазы анықталды
Астанада елімізде тұратын түрлі діни конфессиялар арасында «ҚФФ Достық кубогы» өтті, деп хабарлайды Sport12
Бұл турнир дін өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтқан маңызды алаң ретінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Жарысқа 9 конфессияны таныстыратын 15 команда қатысты. Олардың арасынан «ҚМДБ Алаш» командасы «ҚФФ Достық кубогын» жеңіп алды. Сондай-ақ «Бахаи Астана» командасы 2-орынды, «Catholic Team» командасы 3-орынды иеленді.
Мұндай дода УЕФА-ға мүше елдер арасынан Қазақстан, Израиль және Англияда ұйымдастырылып келеді. Қазақстан конфессиялар мен қатысушы команда санынан көш бастап тұр. Турнирдің бас серіктесі – «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры.
ҚФФ әлеуметтік жобаларының жетекшісі Шыңғыс Темірханов турнир туралы пікірін білдірді:
«Турнирге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз: командалар саны көбейіп, қатысушылар географиясы кеңеюде. Биыл жарысқа тоғыз түрлі конфессияның атынан 15 команда қатысып жатыр. Бұл жобаның маңыздылығы мен оған деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді. Келесі жылы турнирді халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді Темірханов.
«Catholic Team» командасының ойыншысы Габриэл Йохер «ҚФФ Достық кубогына» қатысу туралы ойымен бөлісті:
«Мен Германиядан келдім және осында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл – түрлі командалар мен конфессия өкілдері бір алаңда бас қосқан алғашқы тәжірибем. Маған бұл шара қатты ұнады. Көптеген адамдармен танысып үлгердім, мен үшін бұл шынымен құнды әрі шабыт беретін тәжірибе болды. Біз командамызды тез жинап, осы турнирге үлкен қуанышпен қатыстық», – деді Йохер.
Айта кету керек, «ҚФФ Достық кубогы» еліміздегі діни бірлестіктер арасындағы келісім, бейбітшілік және достық құндылықтарын насихаттау, олардың арасындағы байланысты дамыту және нығайту мақсатында өтті.
«Алаңда фол сұрап, көп уақытымызды босқа өткізіп аламыз». Нани ренішін айтты
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов