2 сағат бұрын
«Қайрат» Дастан Сәтпаевтың қашан Англияға аттанатынын хабарлады
Фото: «Қайрат» футбол клубы
Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев ҚПЛ-дағы алдағы екі ойыннан кейін Англиядағы «Челси» сапына қосылады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Атырау» және «Қызылжар» командаларына қарсы өтетін өз алаңымыздағы матчтарға билет сатыла бастады. Біздің түлегіміз үшін бұл кездесулер лондондық «Челсиге» ауысар алдындағы «Қайрат» құрамындағы соңғы ойындар болмақ, - деп жазылған хабарламада.
Алдымен алматылық клуб өз алаңында 13 маусымда сағат 18:00-де «Атыраумен» кездессе, одан кейін 17 маусымда Петропавлдың «Қызылжарымен» шеберлік байқасады.
Команданың хабарлауынша, «Қызылжарға» қарсы матчтан кейін Орталық стадионда шабуылшымызға арналған қоштасу рәсімі өтеді. Ол алдағы уақытта еуропалық үлкен сахнада жаңа сынаққа қадам басады.
Он жыл бұрын Дастан «Қайрат» Академиясына арманымен, өзіне деген сеніммен, футболға деген сүйіспеншілігімен келген еді. Осы уақыт ішінде ол негізгі команданың көшбасшыларының біріне, клуб рекордсменіне, қазіргі құрамның ең нәтижелі ойыншысына, жанкүйерлердің сүйіктісіне айналды. Енді оның сары-қаралар сапындағы жолы өз мәресіне жақындады.
Еске салсақ, бұдан бұрын 17 жастағы Дастан Сәтпаев Forbes тізіміне енді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан