3 сағат бұрын
«Балғын» турнирі: Қатысушылар Қазақстан WU-15 құрамасына іріктеледі
Фото: ҚФФ
Шымкентте «БИІК» футбол орталығында 15 жасқа дейінгі қыздардан құралған өңірлік құрама командалары арасындағы «Балғын» республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл – қыздар футболын дамытуға, болашағынан үміт күттіретін жас футболшыларды анықтауға және оларды одан әрі қолдау жүйесіне бағытталған. Мұнда үздік ойын көрсеткен ойыншылар Қазақстан WU-15 ұлттық құрамасына іріктеліп, тамызда өтетін Даму Кубогына қатысады.
Турнирге еліміздің Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс және Батыс өңірлерінен жиналған 100-ге жуық жас футболшы қатысуда. Олармен бапкерлік құрамда 20-ға жуық маман жұмыс істейді.
Бағдарлама аясында қатысушылар бірнеше күн бойы жаттығу сабақтарынан өтіп, ойын күндерінде өз шеберлігін көрсетеді.
«Балғын» тек матч өткізілетін жарыс емес. Бұл – жас футболшыларды бақылау, дамыту және олардың әлеуетін бағалауға арналған алаң. Турнир барысында мамандар ойыншылардың техникалық дайындығына, ойын түсінігіне, командалық әрекетіне және даму әлеуетіне назар аударады.
Balgyn League үйлестірушісі Жанна Мальгаждарова республикалық турнирдің басталуы туралы өз пікірімен бөлісті:
«Шын мәнінде, «Балғын» жобасы – бұл жай ғана турнир емес, бұл 2012–2013 жылдары туған және одан кіші жасөспірім қыздарды даярлаудың тұтас жүйесі. Біздің басты міндетіміз – матч кезінде көп гол соғатын футболшыларды ғана көріп қоймай, сонымен қатар үлкен әлеуетке ие қыздарға да мүмкіндік беру.
Бұл турнирде біз болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды анықтап қана қоймаймыз, сөзсіз, жақын арада, тамыз айында Даму кубогына қатысатын құраманың болашақ резервін қалыптастырамыз. Бұл жобаның басты ерекшелігі – әрбір футболшы қыздың назардан тыс қалмай, өз қабілетін әділ көрсетуге және өзінің арманына бір қадам жақындай түсуге шынайы мүмкіндік алуында», – деп атап өтті Мальгаждарова.
Жоба қыздар футболының резервін қалыптастыруға және жас спортшыларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар турнир өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға және жас футболшылардың кәсіби ортада шыңдалуына мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының бас бапкерлігіне басты үміткер белгілі болды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан