9 сағат бұрын
ӘЧ-2026: бүгін 1/8 финалда тағы екі ойын өтеді
Фото: Fifa.com
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 1/8 финалында шілденің 5-нен 6-на қаарған түні екі ойын өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл күнге екі кездесу белгіленген. Олардың бірі Бразилия - Норвегия арасында өтсе, тағы бірінде Мексика - Англия жасыл алаңға шығады.
6 шілде. 01:00. Бразилия - Норвегия
Топтық кезеңде С тобында сынға түскен бразилиялық футболшылар үш кездесуде жеті ұпайды қоржынға салды. Алдымен Мароккомен 1:1 есебімен тең түссе, одан кейін Шотландия мен Гаитиді 3:0 есебімен қапы қалдырды. Ал плей-офф сатысында олар Жапониядан 2:1 есебімен басым түсті.
I тобында ойнаған норвегиялық құрама екі жеңіс, бір жеңіліспен алты ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға табан тіреді. Олар Иракты 4:1, Сенегалды 3:2 есебімен орта жолда қалдырса, Францияға 1:4 есебімен жол берді.
Плей-офф сатысында Кот-д'Ивуар құрамасынан 2:1 есебімен айласын асырды.
Бұл кездесу АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы 82566 адамға арналған «Метлайф» стадионында өткізіледі. Бас төреші міндетін АҚШ өкілі Исмаил Эльфат атқарса, оған сол елден Кори Паркер мен Кайл Аткинс көмектеседі.
Ойынға бразилиялық құрама сапынан алған жарақатына байланысты қорғаушы Уэсли, жартылай қорғаушы Лукас Пакета, шабуылшы Рафинья қатыса алмайды. Еуропалық құрамадан барлық футболшы алдағы кезедсуге сақадай сай.
6 шілде. 05:00. Мексика - Англия
А тобында мексикалық футболшылар барлық кездесуде жеңіске жетті. Өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Олар Оңтүстік Африканы 2:0, Оңтүстік Кореяны 1:0, Чехияны 3:0 есебімен қапы қалдырды. Плей-офф сатысында Эквадорды 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал Англия құрамасы L тобында Хорватияны 4:0, Панаманы 2:0 есебімен жеңіп, Ганамен 0:0 есебіне қанағат білдірді. Плей-офф сатысында Конго Демократиялық Республикасын 2:1 есебімен орта жолда қалдырды.
Бұл кездесуде Мексика астанасы Мехико қаласындағы 81070 адамға арналған атақты «Ацтека» стадионында болады. Бас төреші қызметін Аустралиядан келген Алиреза Фагани атқарса, оған отандастары Джордж Лакриндис пен Джалал Джайед көмектеседі.
Ойынға англиялық қорғаушы Валентино Ливраменто жарақат салдарынан қатыса алмайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Марокко құрамасы Канаданы жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан