4 сағат бұрын
«Қайраттың» қарсыласы – «Левски» жайлы не білеміз?
Фото: «Левски» футбол клубы
Қазақстандық «Қайрат» (Алматы) футболдан UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Левски» (София, Болгария) командасымен кездеседі. Sport12.kz. тілшісі алматылық клубтың алдағы қарсыласы жөнінде саралап көрді.
Бұл кездесу 4 тамыз күні Қазақстан уақытымен 22:30-да басталады.
Матчқа литвалық төрешілер бригадасы бекітілген. Бас төреші – Донатас Румшас, оған отандастары Александр Радиус пен Довидас Сужеделис көмектеседі. Төртінші төреші – Робертас Валиконис. Бас төрешінің бейнеқайталау көмекшісі швейцариялық Федайи Сан болса, бейне қайталау көмекшісінің ассистенті – Кестутис Бартушкявичюс.
Жоғары дивизиондағы 112 жыл
«Левски» – Болгарияның байырғы клубтарының бірі. Ел астанасы – София қаласында 1914 жылы құрылған команда содан бері 27 мәрте чемпиондық атаққа ие болса, кубокта да дәл сондай көрсеткішті бағындырды. Оған қоса жоғары дивизионнан бірде-бір мәрте түсіп көрмеген жалғыз клуб ретінде ерекшеленеді. Соған қарамастан еурокубок ойындарында жиі бой көрсете бермейді. Соңғы рет олар 2010/2011 жылғы маусымда Еуропа лигасында бақ сынаған еді.
Өткен чемпионатта «Левски» қайтадан жеңіс тұғырына көтерілді. Команда 84 ұпай еншілеп, екінші орында тұрған ЦСКА-1948 клубынан 14 ұпайға озып кетті. Софиялық команда бұдан бұрын 2008/2009 жылғы маусымда алтын медальға қол жеткізген еді. Осылайша олар 14 жыл бойы чемпиондық атаққа ие болып келе жатқан «Лудогорец» клубының сәттілік сериясын тоқтатты. Команда жетістігіне бразилиялық вингер Эвертон Бала көп үлес қосты, ол доп додасында соққан 16 голдың арқасында біріншіліктің үздік сұрмергені атанды. Футболшы биылғы Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінде де көшбасшылардың біріне айналып отыр. Қазірге дейін бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.
Өткен жылы «Левски» Болгария чемпионатында екінші орын алып, еурокубок маусымын Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінен бастады. Дегенмен жорығын Конференция лигасы төртінші кезеңінде аяқтап, сол жолы Нидерландтың АЗ клубына есе жіберді. Оған дейін қазақстандық қақпашы Стас Покатилов ойын көрсететін Әзербайжанның «Сабах» командасын орта жолда қалдырды. Осылайша еурокубокта бірнеше кезеңнен өтті. Алайда негізгі кезеңге шығудан тыс қалып қойды. Команда жанкүйерлері мұндай көрсеткішке қол жеткізуді 15 жыл бойы күткен еді.
Биылғы Чемпиондар лигасын софиялық клуб бірінші іріктеу кезеңінен бастады. Олар «Қайратпен» алғашқы кезеңнің өзінде кездесуі мүмкін еді. Дегенмен олардың жолы үшінші кезеңде түйісті. Оған дейін болгариялық команда босниялық «Борац» және румыниялық «Университатя» клубтарын жеңді. Бірде-бір кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Қарсыластарымен екі кездесуде тең түсті. Болгарияның ішкі біріншілігінде екі тур өтті. Онда «Левски» «Дунав» (Русе) және «Локомотив» (София) командаларын тізе бүктірді.
«Ертіске» кеткен есе
«Левски» қазақстандық клубтармен бұған дейін бір мәрте жолығып үлгерді. Бұл кездесуде он жылдай бұрын болған еді. 2013/2014 жылғы маусымда Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде олар павлодарлық «Ертіспен» шеберлік байқасты. Болгарияда өткен алғашқы кездесуде қарсыластар 0:0 есебіне қанағат білдірсе, Павлодарда алаң иелері 2:0 есебімен басым түсті. Нәтижесінде болгариялық команда жарыс жолынан шығып қалды. Бұл кезеңде «Ертіс» командасы тізгінін Талғат Байсуфинов ұстаған еді. Сол уақытта команда сапында қазір танымал футболшы Дмитрий Шомко ойын көрсетті.
Алматылық клубтан үш есе қымбат
Transfermarkt нұсқасы бойынша «Левски» құрамының жалпы құны 37,03 миллион еуроны құрайды. Ал «Қайрат» 12,7 миллион еуроға бағаланып отыр. Команда құрамында венесуэлалық орталық қорғаушы Кристиан Макун мен бразилиялық сол қанаттағы қорғаушы Майкон қымбат ойыншылар санатына енеді. Олардың әрқайсысының құны 3,5 миллион еуроға жетеді. Бұл жөнінен үздік үштікті 3 миллион еуро тұратын болгариялық голкипер Светослав Вуцов түйіндеп тұр.
Тәжірибелі ойыншылармен қатарын толықтырды
Жазғы мезгілде «Левски» құрамын португалиялық «Санта-Клара» сапынан келген екі футболшымен күшейтті. Атап айтқанда, жартылай қорғаушы Сержиньоны алу үшін бір миллион жұмсаса, сол қанаттағы вингер Реналдоның трансфері үшін команда 1,5 миллион еуро жұмсады. Соңғысы Чемпиондар лигасында жақсы қырынан танылып үлгерді, екі гол соғып, бір нәтижелі пас шығарды. Ал Болгария чемпионатында бір гол және бір нәтижелі паспен ерекшеленіп үлгерді. Ол команда сапындағы Эвертон Бало екеуі өзара түсіністік танытып, «Левскидің» қазіргі шабуыл шебіндегі мықты футболшылар санатына енді.
Софиялық команда сапында Шығыс Еуропаның жоғары дивизиондарында ойын көрсеткен тәжірибелі ойыншылар аз емес. Еуропаның үздік бес лигасында толыққанды тәжірибе жинақтаған испаниялық сол қанаттағы қорғаушы Алекс Сентельес екі маусым бойы Ла Лигада «Альмерия» намысын қорғады. Сондай-ақ биылғы жазда еркін агент есебінде командадағы қымбат ойыншының бірі Майкон қатарды толықтырды.
Болгариялық тізгінін испаниялық 44 жастағы маман Хулио Веласкес ұстап отыр. Ол бұл қызметіне 2025 жылдың қаңтар айында келді. Оның жасына қарамастан бапкерлік қызметінде жинақтаған тәжірибесі мол. Өзінің отанында «Вильярреал», «Реал Мурсия», «Бетис» және «Алавес» клубтарында қызмет атқарса, оған қоса италиялық «Удинезе», нидерландтық «Фортуна» (Ситтард) клубтарында еңбек етті.
Біздің серіктес: Sport12kz