15 сағат бұрын
ҚПЛ: «Ертіс» өз алаңында «Оқжетпестен» басым түсті
Фото: «Ертіс» футбол клубы
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында ХХVІ туры екінші ойын күні, 13 қыркүйекте «Ертіс» (Павлодар) - «Оқжетпес» (Көкшетау) кездесуінің нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Турнир кестесінде командалар жағдайы түрліше еді. Көкшетаулық клуб алдағы еурокубок ойындарына қатысу үшін кем дегенде төртінші орынға тұрақтауды алдына мақсат етіп отыр.
Павлодарлық команда турнир кестесінде соңғы орында тұрғандықтан қазір олар Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға күш салып келеді.
Кездесу барысында «Ертіс» алғашқы минуттан белсенділік көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан 17-минутта Лео Калил есеп ашса, ол 33-минутта ойындағы өзінің екінші голын соғып үлгерді.
Екінші кезеңде басталған сәтте «Оқжетпес» қақпасына пенальти белгіленген еді. Дегенмен бұл жолы Лео Калил көздеген нысанадан мүлт кетті.
Ойынның 72-минутында көкшетаулық клубтан Оралхан Өміртаев есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша «Ертіс» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 23 ұпаймен он екінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ дәл қазір «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Алтай» (Өскемен) кездесуі өтіп жатыр.
Бұл турды Қайрат» (Алматы) пен «Тобыл» (Қостанай) командалары түйіндейді.
Кеше, яғни 12 қыркүйекте бұл турдың бес ойыны өтті. Алдымен өз алаңында Ақтаудың «Каспийі» «Ақтөбеден» 1:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Семейдің «Елімайы» Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1, астаналық «Жеңіс» Петропавлдың «Қызылжарын» 3:1, шымкенттік «Ордабасы» «Астананы», қызылордалық «Қайсар» «Атырауды» 1:0 есебімен жеңді.
Біздің серіктес: Sport12kz