3 сағат бұрын
«Тобыл» футбол клубының жаңа құрылтайшысы белгілі болды
Фото: «Тобыл» футбол клубы
Қостанайда «Тобыл» құрамындағы өзгерістер мен клубтың алдағы жоспарына арналған брифинг өтті. Olzha Agro агрохолдингі құрылтайшылар құрамына кіріп, клубтың жаңа иесі атанды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бұл қадам Мемлекет басшысының отандық футболды дамыту және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
— Біз үшін негізгі команданың ғана емес, жалпы клубтың жүйелі дамуына үлес қосатын құрылтайшыларды табу маңызды болды. Бүгін «Тобыл» тарихындағы жаңа кезең басталды деп айта аламыз, — деді Бақытжан Хаберұлы.
«Olzha Agro» ЖШС бас директоры Әлішер Ходжаназаров клубты басқарудың заманауи әрі тұрақты моделін қалыптастырып, инфрақұрылым, академия және жас футболшыларды даярлау жүйесін дамытуға басымдық берілетінін айтты.
«Тобыл» ФК президенті қызметіне қазіргі уақытта Olzha Agro бас директорының кеңесшісі Айдос Ақәділұлы Дүйсенбиев тағайындалады.
— Негізгі команда, академия, балалар мен жасөспірімдер футболы және инфрақұрылымды дамыту — басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл ретте «Тобылдың» тарихы, дәстүрі, клубтық түстері мен Қостанай өңірі және жанкүйерлермен байланысы өзгеріссіз қалады, — деді Айдос Дүйсенбиев.
Еске салсақ, КФФ ҚПЛ клубтары мен ойыншыларына жаңа жазалар шығарды.
Біздің серіктес: Sport12kz