7 сағат бұрын
Астанада ҚФФ-ның 2027-2032 жылдарға арналған стратегиясы таныстырылды
Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясы аясында ҚФФ-ның 2027-2032 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Құжат Қазақстан футболын дамытудың ұзақ мерзімді бағыттарын айқындап, таланттарды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және ойын мәдениетін қалыптастыру арқылы мықты футбол экожүйесін құруға бағытталған. Стратегияның негізгі мақсаты – бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболынан бастап, кәсіби клубтар мен ұлттық құрамаларға дейінгі барлық деңгейде тұрақты дамуды қамтамасыз ету.
2032 жылға дейінгі стратегияның пайымы үш негізгі қағидатқа негізделген: Қазақстанды біріктіретін футбол, ел мақтан тұтатын ұлттық құрамалар және өңірлерде әр адамға футболдың қолжетімді болуы.
Бұл ретте ҚФФ сегіз негізгі мақсатты айқындады. Олардың қатарында ұлттық құрамалардың бірі Әлем немесе Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуы, кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру, УЕФА лицензиясы бар жаттықтырушылар мен мамандар санын 5000-ға жеткізу, футбол инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруда әр 10 мың тұрғынға бір футбол алаңы болуы, «ҚФФ Паспорты» жүйесінде 1,5 миллион қатысушыны тіркеу, KFF-ның кемінде бес академиясын іске қосу, Еуропаның үздік сегіз лигасында кемінде бес қазақстандық футболшының өнер көрсетуі, сондай-ақ Қазақстанда ірі халықаралық футбол турнирін немесе матчты өткізу бар.
Осы мақсаттарға жету үшін стратегия жеті негізгі бағытты қамтиды: ұлттық құрамалар, балалар-жасөспірімдер футболын дамыту, жаттықтырушыларды, төрешілер мен мамандарды даярлау, инфрақұрылыммен қамту, кәсіби лигалар, әйелдер футболы, бұқаралық және әлеуметтік футбол.
Бұл бағыттарды іске асыру төрт негізгі драйвер арқылы жүзеге асырылады: коммерцияландыру және маркетинг, әділ ойын және этика, цифрландыру және деректер, басқару және ынтымақтастық.
Стратегияның негізгі элементтерінің бірі – «Batyr Zholy» жобасы. Бұл ойыншыларды анықтау және іріктеу, ұлттық құрамалардың ойын үлгісі, жаттығу процесі және футболшыларды бағалау жүйесін біріктіретін бірыңғай философия.
Балалар-жасөспірімдер футболы бағытында ҚФФ «Болашақ чемпиондары» жобасын одан әрі дамытып, ойыншылардың әлеуетін анықтаудың бірыңғай Talent ID жүйесін енгізуді жалғастырады. Жүйе ойыншылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруды, скаутингтің бірыңғай стандарттарын енгізуді, өңірлік іріктеу және дамыту орталықтарын құруды, сондай-ақ академиялар мен клубтарды ойыншыларды даярлаудың бірыңғай жүйесіне біріктіруді көздейді.
Стратегия кадр даярлау бағытында лицензиясы бар жаттықтырушылар, төрешілер мен мамандар санын арттыруды, инструкторлар мен тәлімгерлер жүйесін дамытуды, өңірлік оқыту орталықтарының желісін кеңейтуді және білім беру процестерін цифрландыруды қарастырады.
Инфрақұрылымдық блок заманауи стадиондар салуды, қолданыстағы футбол алаңдарын жаңартуды, ҚФФ-ның өңірлік академиялары мен клубтық инфрақұрылымды дамытуды қамтиды. 2032 жылға дейін кемінде 1300 жаңа футбол алаңын салу, УЕФА санаттарына сәйкес кемінде 12 жаңа стадион іске қосу және ҚФФ-ның кемінде бес өңірлік академиясын ашу жоспарлануда.
Стратегияда кәсіби лигаларға, әйелдер футболына, бұқаралық және әлеуметтік футболға да ерекше назар аударылған. ҚФФ клубтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді, матчтарға келушілер санын арттыруды, әйелдер футболындағы ойыншыларды іріктеу және даярлау жүйесін кеңейтуді, сондай-ақ мектеп, әлеуметтік және инклюзивті жобаларды дамытуды жоспарлап отыр.
ҚФФ-ның 2027-2032 жылдарға арналған стратегиясы Қазақстан футболын жүйелі түрде дамытуға, ойыншылар мен мамандарды даярлау сапасын арттыруға, футбол инфрақұрылымын кеңейтуге және елдің барлық өңірінде футболдың қолжетімді болуына жағдай жасауға бағытталған негізгі жол картасына айналады.
Еске салсақ, «Қайрат» футбол клубының бұқаралық футболды дамыту бөлімінің басшысы Құралбек Досжанұлы Ордабаев «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» І дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.
Біздің серіктес: Sport12kz