5 сағат бұрын
«Жетісу» басшылығы жалақының неге кешеуілдегенін айтты
Фото: «Жетісу» футбол клубы
Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубы әлеуметтік желі беттерінде жарияланған команданың жалақы қарызына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
- Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Жетісу» футбол клубының ойыншыларына төлемдердің кешіктірілуіне қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты клуб төмендегіні хабарлайды.
Бұған дейін орын алған төлемдердің кешіктірілуі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, жан-жақты құқықтық талдауды, келісуді және тиісті шешімдер қабылдауды қажет ететін заңдық рәсімдерді жүргізуге байланысты болды, - деп жазылған хабарламада.
Мәлім болғанындай, Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Жетісу» футбол клубы» қоғамдық қоры басшылығының бірлескен жұмысының нәтижесінде туындаған барлық мәселелер реттеліп, қажетті заңдық рәсімдер толық аяқталды.
- Қазіргі уақытта футболшыларға тиесілі барлық төлемдер толық көлемде төленді. Клубтың бұрын қалыптасқан берешек бойынша қаржылық міндеттемелері толығымен орындалды. Команда Қазақстан Республикасының чемпионатындағы алдағы матчтарға дайындықты жалғастырып, алға қойылған спорттық міндеттерді орындауға жұмылдырылған.
«Жетісу» футбол клубы өз қызметін қалыпты режимде жүзеге асырып жатыр және команданың ағымдағы маусымда қалған барлық матчтарға қатысатынын растайды. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен өзекті әрі ресми ақпаратты басшылыққа алуды және клубтағы қазіргі жағдайды шынайы көрсетпейтін мәліметтерді таратудан бас тартуды сұраймыз, - деп толықтырды команданың баспасөз қызметі.
Айта кетсек, футболдан Қазақстан Премьер-лигасы 28-туры қай уақытта басталатыны белгілі болды
«Жетісу» басшылығы жалақының неге кешеуілдегенін айтты.
Біздің серіктес: Sport12kz