5 сағат бұрын
Қазақстан U19 құрамасы әлем чемпионатына аттанды
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Кеше түнде Бақыт Сәрсекбаев тізгіндейтін U19 ерлер құрамасы Алматыдан Будваға ұшып кетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
19 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан World Boxing ұйымының қолдауымен өтетін әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылады.
Жерорта теңізі спорт орталығында өтетін дүбірлі додаға 75-тен астам ұлттық федерациядан 550-ден аса боксшы қатысады. Спортшылар ұлдар мен қыздар арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, өзара 20 алтын, 20 күміс және 40 қола медаль жиынтығын сарапқа салады.
Қазақстан құрамасы ерлер және қыздар арасындағы барлық салмақта жүлдеге таласады.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2024 жылы АҚШ-та өткен U19 әлем чемпионатында 2 күміс жүлде жеңіп алды.
Бақыт Сәрсекбаев баптайтын ерлер құрамасында биылғы Азия чемпиондары Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов бар. Сондай-ақ наурыз айында Будвада өткен «Адриатика жауһары» халықаралық турнирінде Әділ Асқанбай мен Данияр Ақбисенов топ жарған.
Нақтырақ айтқанда, ұлдар құрамасында Әділ Асқанбай (50 келі), Айдос Үсенов (55 келі), Данияр Ақбисенов (60 келі), Ақжүрек Қалабай (65 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Әмір Рамазан (75 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Руслан Ахметов (85 келі), Еркетаң Жарқынбек (90 келі) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.
Қыздар құрамында 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Камила Оспановаға ерекше назар аударуға болады. Ол 2025 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында чемпион атанып, биыл Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Наурыз айында Таиландта 80-ге жуық елдің өкілі қатысқан Futures Cup халықаралық турнирінде Айдана Убайдуллақызы топ жарды. Ал Азия чемпионы Зарина Толыбай аса ауыр салмақта ел намысын қорғайды.
Бұдан бөлек, биыл Будвада өткен «Адриатика жауһары» турнирінде Мадира Жұмақан, Алина Құдайгенова және Алтынгүл Аймахан жеңімпаз атанған.
Ал қыздар құрамасында Жадыра Қалтай (48 келі), Мадира Жұмақан (51 келі), Жанель Имантаева (54 келі), Алина Құдайгенова (57 келі), Индира Қыдырмолдаева (60 келі.), Айсұлу Мұхит (65 келі), Камила Оспанова (70 келі), Алтынгүл Аймахан (75 келі), Айдана Убайдуллақызы (80 келі) және Зарина Толыбай (80 келіден жоғары) сынды спортшыларға үміт артамыз.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы алғаш рет 2024 жылы АҚШ-тың Пуэбло қаласында ұйымдастырған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 күміс жүлде жеңіп алған.
Еске салсақ, бокстан Қазақстан U19 құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев World Boxing ұйымы аясында өтетін әлем чемпионатына жөнінде пікірін білдірді.
Біздің серіктес: Sport12kz