5 сағат бұрын
Қазақстан өңірлерінде УЕФА-ның Бұқаралық футбол апталығы аясында іс-шаралар өтті
Фото: ҚФФ
Қазақстанда 10-30 қыркүйек аралығында жыл сайынғы Еуропалық спорт апталығына орайластырылған УЕФА-ның Бұқаралық футбол апталығы (UEFA Grassroots Week) аясында іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл бастама футболды дәріптеуге, балалар мен жастарды спортпен тұрақты шұғылдануға тартуға, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, сондай-ақ еліміздің өңірлерінде футболдың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бағдарлама аясында бүкіл Қазақстан бойынша балалар, жасөспірімдер мен футбол әуесқойларының қатысуымен футбол турнирлері, фестивальдер, ашық жаттығулар, жолдастық матчтар және өзге де спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Астанада 10 жасқа дейінгі балалар арасында 3х3 форматында футбол фестивалі өтті. Жас футболшылар өз шеберліктерін паш етіп, ойын тәжірибесін жинақтап, қатарластарымен жарысуға мүмкіндік алды.
Осындай іс-шаралар Қазақстанның өзге де қалалары мен өңірлерінде жалғасын тапты. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырушылар футбол дағдыларын дамытуға және спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған әртүрлі ойын форматтарында жарыстар өткізді.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жекелей жүлде иегерлері Қазақстан футбол федерациясының естелік сыйлықтарымен марапатталды.
УЕФА-ның Бұқаралық футбол апталығын өткізу – ҚФФ-ның бұқаралық және әуесқой футболды дамыту, спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейту және еліміздің барлық өңірлерінде балалар мен жастарды футболға тарту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі.
Еске салсақ, футболдан Бірінші лиганың ХХV турын «Тұран» (Түркістан) - «Шахтер» (Қарағанды) командалары түйіндеді.
Біздің серіктес: Sport12kz