4 сағат бұрын
Қазақстан U-15 құрамасы ФИФА-ның алғашқы әлем чемпионаты мен фестиваліне қатысады
Фото: ҚФФ
15 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 24-30 қазан аралығында Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтетін FIFA U-15 World Cup & Festival 2026 турниріне қатысады, деп хабарлайды Sport12.kz.
ФИФА өз тарихында алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен 190-ға жуық ұлттық құраманың басын қосып, 15 жасқа дейінгі футболшыларға арналған осындай ауқымды халықаралық турнир ұйымдастырып отыр.
FIFA U-15 World Cup & Festival – Халықаралық футбол федерациясының жасөспірімдер футболын дамытуға және елдеріндегі футболдың даму деңгейіне қарамастан жас ойыншыларға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған жаңа жобасы.
Жарысқа ФИФА-ның барлық алты құрлықтық конфедерациясының өкілдері қатысады. Қатысушылар қатарында Бразилия, Аргентина, Франция, Англия, Испания, Германия, Италия, Португалия және тағы басқа елдердің құрамалары бар.
Турнирдің басты ерекшелігі – оның бірегей форматы. Матчтар өлшемі 68 де 47 метр болатын алаңдарда 8х8 форматында өтеді. Әр кездесудің ұзақтығы 40 минутты (20 минуттан екі тайм) құрайды.
Жалпы саны 950-ге жуық матч жоспарланған. Ойындар 20 футбол алаңы бар, арнайы дайындалған Hovsan Competition Complex кешенінде өтеді. Ал финалдық кездесулер Baku Crystal Hall аренасында ұйымдастырылады.
Жарыс форматы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде командалар топтарға бөлініп, төрт-бес матчтан өткізеді. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша қатысушылар спорттық көрсеткіштеріне қарай алты деңгейге бөлінеді.
Екінші кезеңде командалар өз деңгейлеріне сәйкес келетін қарсыластармен бақ сынасады. Әр қатысушы тағы төрт-бес ойын өткізеді. Алты деңгейдің әрқайсысында жеңімпаздар анықталып, жоғары деңгейдегі (Tier A) ең мықты команда тарихтағы тұңғыш FIFA U-15 World Cup & Festival жеңімпазы атанады.
Осылайша, әрбір құрама турнир барысында кемінде тоғыз халықаралық матч өткізу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстан құрамасы Багам аралдары, Гана, Гуам, Мьянма және Өзбекстан құрамаларымен бірге W тобында өнер көрсетеді.
Бірінші кезеңде қазақстандық футболшылар үш ойын күні ішінде бес матч өткізеді.
Қазақстан U-15 құрамасы матчтарының кестесі (Баку уақытымен):
24 қазан 12:45 – Багам аралдары – Қазақстан
25 қазан 11:30 – Қазақстан – Гуам 18:15 – Өзбекстан – Қазақстан
26 қазан 10:15 – Қазақстан – Мьянма 17:00 – Гана – Қазақстан
Топтық кезең аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасы жарысты әрі қарай жалғастырады. Қарсыластар алғашқы үш ойын күнінің қорытындысы бойынша белгілі болады.
Қазақстан U-15 құрамасының ойыншылар тізімі
Бас бапкер Есімбек Нұрахметов команда құрамына 2011 жылы туған 14 футболшыны шақырды. Серік Дінмұхамед («Ордабасы»), Сейдазым Нұрасыл («Ордабасы»), Әділет Омар (ҚФФ Академиясы), Ернат Бағытжан (ҚФФ Академиясы), Жәңгір Серік (ҚФФ Академиясы), Әлихан Қуандық (ҚФФ Академиясы), Абзал Әділхан (ҚФФ Академиясы), Жансейіт Абұжүсіп (ҚФФ Академиясы), Зейнулла Абибулла (ҚФФ Академиясы), Артур Абдущеев (ҚФФ Академиясы), Ерасыл Ибатулла (ҚФФ Академиясы), Әміржан Арсен («Астана»), Кәрім Мендіқанов («Барселона»), Орынбасар Әділет («Ақтөбе»).
Еске салсақ, Қазақстанда 10-30 қыркүйек аралығында жыл сайынғы Еуропалық спорт апталығына орайластырылған УЕФА-ның Бұқаралық футбол апталығы (UEFA Grassroots Week) аясында іс-шаралар өтті,
Біздің серіктес: Sport12kz