1 күн бұрын
ҚФФ өкілдері УЕФА-ның бапкерлерге білім беру конференциясына қатысуда
Фото: ҚФФ
2026 жылдың 20-22 қазан аралығында Рим қаласында (Италия) УЕФА-ның бапкерлерге білім беру бағытындағы 15-ші конференциясы (UEFA Coach Education Conference) өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Аталмыш іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының атынан ҚФФ Техникалық директоры Геннадий Скуртул, сондай-ақ ҚФФ Техникалық орталығының өкілдері Станислав Погорелов пен Нұржан Әбілдаев қатысуда.
Конференция Еуропаның ұлттық футбол қауымдастықтары мамандарының басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға және бапкерлерді даярлау мен кәсіби тұрғыда дамытудың заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді.
Іс-шараның басты тақырыптары – бапкерлерге білім берудің ұлттық бірегейлігін қалыптастыру, оларды оқыту және бағалау әдістемелерін жетілдіру, нұсқаушылар мен тәлімгерлер жүйесін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ әйелдердің бапкерлік мамандыққа тартылу аясын кеңейту.
Оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыруға және дәстүрлі теориялық оқытудан бапкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған практикалық тәсілге көшу мәселесіне айрықша назар аударылуда.
Конференция бағдарламасы халықаралық сарапшылардың баяндамаларын, тақырыптық пікірталастар мен практикалық семинарларды қамтиды. Қатысушылар оқу процесін ұйымдастырудың заманауи құралдарын, білім мен дағдыларды бағалау әдістерін, сондай-ақ жинақтаған тәжірибені күнделікті бапкерлік қызметте қолдану жолдарын қарастыруда.
ҚФФ өкілдерінің бұл конференцияға қатысуы озық еуропалық тәжірибені зерделеуге және алған білімді Қазақстандағы бапкерлерді оқыту жүйесін одан әрі жетілдіру жолында қолдануға мүмкіндік береді.
Біздің серіктес: Sport12kz