3 күн бұрын

Қазақстан академиялық ескек есуден U19 әлем чемпионатында сайысқа түсті

Қазақстан академиялық ескек есуден U19 әлем чемпионатында сайысқа түсті

Фото: Ескек есу түрлерінен Қазақстан Ұлттық федерациясы

Семён Первушкин мен Дмитрий Ануприев академиялық ескек есуден U19 әлем чемпионатының В финалында өнер көрсетті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Болгарияның Пловдив қаласында академиялық ескек есуден 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды.

Биылғы бәсекеге Ұлттық құрама сапында екі спортшымыз - Семён Первушкин мен Дмитрий Ануприев барды. Олар алғашқы жарыс күні іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, жарыстың жартылай финалына жолдама алған. Кейін Семён мен Дмитрий (сыңар ескекті, яғни әр қайсысы тек бір ескектен ұстайтын жүзу әдісі) жартылай финалда өз тобында мәреге 6-шы болып жетті. Кейін В финалында да дәл сондай орыннан көрініп жалпы есепте 12-сатыға табан тіреді. Финалдағы уақыт көрсеткіші - 06:56.06 секунд.

Айта кетейік, Пловдивтегі чемпионатқа 55 мемлекеттен 660 ескек есу шебері (367 ер, 293 әйел) қатысты. Олар 14 бағдарламада жүлде жиынтығын өзара сарапқа салды. Жалпы есепте Германия мен Румыния 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медальдан еншілеп, 1-орынды бөлісті.

Еске салсақ, Норвегияда өтіп жатқан Arctic Race of Norway-2026 көпкүндік веложарысының екінші кезеңі аяқталды.


Біздің серіктес: Sport12kz