1 күн бұрын
Қазақстан ҰОК Халықаралық баскетбол федерациясы басшысымен кездесті
Фото: Қазақстан ҰОК
Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшылығы Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) президенті шейх Сауд Али Әл Танимен кездесті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Кездесуге Қазақстан ҰОК атынан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, бас директор Нұрлан Нөгербек, Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай және Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Анара Сыздықова қатысты. Сондай-ақ басқосуға Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясының президенті, FIBA Азия басқарма мүшесі Абай Алпамысов, Федерацияның бірінші вице-президенті Алмаз Ұзақов және FIBA-ның ұлттық федерацияларды дамыту жөніндегі бас менеджері Наталья Галкина қатысты.
Шейх Сауд Али Әл Тани Қазақстан ҰОК басшылығына көрсеткен қонақжайлығы мен Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ол федерацияны 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл күннің қазақстандық баскетбол үшін маңызын атап өтті.
Тараптар Алматыда FIBA Азия кубогы-2029 додасының алдын ала іріктеу кезеңінің алғашқы раундын өткізу мәселесін, сондай-ақ, Қазақстан ұлттық құрамаларының халықаралық күнтізбедегі өзге де жарыстарға қатысуын талқылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда FIBA аясында халықаралық іс-шаралардың бірін ұйымдастыру мүмкіндігі де сөз болды.
Келіссөз барысында FIBA президенті қазақстандық баскетболшылардың деңгейін, сондай-ақ, еліміздегі әйелдер баскетболының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясының өкілдері спортшылар мен мамандардың Olympic Solidarity бағдарламаларына қатысуына көрсеткен қолдауы үшін ҰОК-не алғыс білдірді. Сондай-ақ жастар арасындағы баскетболды одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды. Оның ішінде студенттік лиганы кеңейту және мектеп оқушыларына арналған жобаларды дамыту көзделген.
Келіссөз соңында тараптар Қазақстан ҰОК, Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясы және FIBA арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға және жүйелі өзара ықпалдастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.
Еске салсақ, бұдан бұрын әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын таеквондошылар белгілі болды.
Біздің серіктес: Sport12kz