11 сағат бұрын
Қазақстандық танымал шорт-трек шебері мансабын аяқтады
Фото: Қазақстан ҰОК
Қысқы спорт түрлерінен Қазақстан құрамасының танымал спортшысы Абзал Әжғалиев өзінің кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде шорт-трек спорт спортының шебері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Құрметті жанкүйер! Сіздерге өмірімде болып жатқан маңызды өзгерістер жайлы айтуды жөн көрдім
Мен шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын таныстым. Сол күннен бастап бұл спорт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғау бақыты бұйырды.
Осы жылдар ішінде бүкіл дистанцияда Қазақстан чемпионы атана алдым. Еліміздің тарихындағы алғашқы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен үшін бұл ең үлкен мәртебе, - деп жазды ол.
Сондай-ақ өз жазбасында спорт өзі үшін тек жарысуды емес, мінез, тәртіп, төзім және Отан алдындағы жауапкершіліктің не екенін үйреткенін атап өтті.
- Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым.
Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басып өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді. Енді сол жолдың жалғасын жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді.
Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы.
Осы жылдар бойы сенім білдіріп, қолдау көрсеткен отбасыма, бапкерлеріме, командаластарыма, дәрігерлерге, мамандарға және бірге еңбек еткен барша жанға шынайы алғысымды білдіремін.
Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын.
Ал менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады, - деп түйіндеді сөзін А.Әжғалиев.
Абзал Әжғалиев 1992 жылы 30 маусымда Орал қаласында дүниеге келген. 2025 жылы Азия ойындарында алтын алса, сол жылы тағы бір жарыста күміс жүлдегер атанды. 2011 жылы қола жүлдегер болды.
Айта кетсек, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі, 4 төрт Олимпиаданың қатысушысы Абзал Әжғалиев неке қию рәсімін өткізді.
Біздің серіктес: Sport12kz