11 сағат бұрын
Қазақстан жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимараттағы Азия ойындарына қатысады
Фото: Қазақстан ҰОК
2026 жылы 13-21 желтоқсан аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің Эр-Рияд қаласында өтетін жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимараттағы VI Азия ойындары өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуге ниетті БАҚ өкілдерін аккредиттеуге өтінім қабылдау басталғанын мәлімдеді.
Ойындарды Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) ұйымдастырады.
Жарысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағысы келетін журналистер Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне press@olympic.kz электрондық поштасы арқылы жазуы қажет.
БАҚ өкілдеріне аккредиттеудің екі санаты ұсынылады: E - журналист, EP - фотограф. Әр редакция жарысты жариялау үшін бір журналисті ғана ұсына алады. Бұған қоса, редакция бас редакторының қолы қойылған ресми хатты Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне жолдауы қажет. Хатта іссапарға жіберілетін журналистің аты-жөні мен қызметі көрсетілуі тиіс.
БАҚ өкілдерін іссапарға жіберуге байланысты барлық шығын, соның ішінде жол жүру, тұру және өзге де қосымша шығындар оларды жіберетін редакцияның есебінен төленеді.
Қазақстан ҰОК БАҚ өкілдерін аккредиттеу рәсімінен өткізуге және виза алуға қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Алайда аккредиттеу туралы түпкілікті шешімді Ойындарды ұйымдастыру комитеті қабылдайды.
Өтінімдер 2026 жылдың 15 қазан күнін қоса алғандағы мерзімге дейін қабылданады.
Айта кетейік, жауынгерлік өнер түрлерінен өтетін жабық ғимараттағы VI Азия ойындарының бағдарламасына 18 спорт түрі бойынша 25 дисциплина енгізілген. Жалпы 122 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жарыс бағдарламасына 3×3 баскетбол, бильярд спорты, бокс, шахмат, футзал, гандбол, джиу-джитсу, дзюдо, кабадди, каратэ, аралас жекпе-жек (ММА), муай-тай, падел, сквош, таеквондо, текбол, ауыр атлетика және күрес түрлері енген.
Айта кетсек, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Қытайдың Нинбо қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың алдын ала тізімін жариялады.
Біздің серіктес: Sport12kz