13 сағат бұрын
Астанада таэквондодан жылдың үздіктері марапатталады
29 қарашада Астанада World Taekwondo Gala Awards марапаттау рәсімі өтеді. Онда таэквондодан маусымның үздік спортшылары анықталады. Әйелдер арасында бразилиялық Мария Клара Пачеконың мүмкіндігі жоғары бағаланса, ерлер арасында Мун Джинхо мен Энрике Маркес Родригес басты үміткерлер қатарында. Қазақстандық Тамирлан Тілеулес те үздіктер қатарына қосылуы мүмкін. Бұл туралы sport12 Taekwondo_wt_kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдер арасындағы бәсеке
Жылдың үздік таэквондошысы атағына қазіргі әлем чемпионы, бразилиялық Мария Клара Пачеко мен Олимпиада чемпионы, венгриялық Вивиана Мартон таласуы мүмкін.
Мартон маусымды жоғары деңгейде өткізіп, мамыр айында Еуропа чемпионаты мен President’s Cup Europe турнирінде алтын медаль жеңіп алды. Римдегі Гран-при кезеңінде де екі спортшы өз салмақтарында жеңіске жетті.
Алайда келесі Гран-при кезеңінде Мартон 1/8 финалда жарыс жолынан шығып қалды. Ал Пачеко турнир жеңімпазы атанды. Бразилиялық спортшы кейін President’s Cup Pan America мен Панамерика ойындарында да топ жарды.
Парижде өткен соңғы Гран-при кезеңінде екі таэквондошы да алтын медаль иеленді. Дегенмен маусым бойғы нәтижелеріне қарағанда, Пачеко жылдың үздігі атағына негізгі үміткерлердің бірі.
Ерлер арасында кімнің мүмкіндігі жоғары?
Ерлер арасындағы бәсеке де назар аударуға тұрарлық. Үміткерлер қатарында бразилиялық Энрике Маркес Родригес, оңтүстіккореялық Мун Джинхо және ирандық Ариан Салими мен Аболфазл Занди бар.
Қазіргі таңда басты тартыс Мун Джинхо мен Энрике Маркес арасында өрбуі мүмкін.
Мун Джинхо Азия чемпионатында, Муджу мен Париждегі Гран-при кезеңдерінде алтын медаль жеңіп алды. Ал Маркес үш Гран-при турнирінде үш түрлі жүлдеге қол жеткізіп, Панамерика ойындарында чемпион атанды.
Астанада өтетін Финалдық Гран-при жарысының нәтижесі жылдың үздігін анықтауға әсер етуі ықтимал. Алайда түпкілікті шешімді World Taekwondo ұйымы қабылдайды.
Тамирлан Тілеулес үздік атана ала ма?
Қазақстандық таэквондошы Тамирлан Тілеулестің де жылдың үздігі атағына үміткер болуға мүмкіндігі бар. Ол Астанада өтетін Финалдық Гран-при турнирінде чемпион атанса, бұл мақсатына бір қадам жақындай түседі.
World Taekwondo Gala Awards рәсімі 29 қарашада Астанада өтеді. Сол күні маусымның үздік спортшыларының есімдері жарияланады.
Біздің серіктес: Sport12kz