14 сағат бұрын
Астанада халықаралық турнирдің екінші жарыс аптасы аяқталды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Астанада Ұлттық теннис орталығының Beeline Arena ашық хард корттарында өткен World Tennis W15 санатындағы халықаралық турнирдің екінші жарыс аптасы мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жарыс 13-19 шілде аралығында өтті. Жекелей сында 64 теннисші бақ сынады: олардың 32-сі негізгі кезеңде, тағы 32-сі іріктеу сынында өнер көрсетті. Жұптық сында чемпиондық атақ үшін 16 жұп таласты.
Қазақстандық теннисшілер арасындағы ең үздік нәтиже жұптық сында Асылжан Арыстанбекова мен Инкар Дүсебайдың финалға шығуы болды. Шешуші кездесуде қазақстандық жұп Жапония өкілдері Ринко Мацуда мен Сэра Нишимотоға есе жіберді.
«Әрине, турнирді жеңіспен аяқтауды мақсат еттік, сондықтан финалдағы нәтиже көңілімізден толық шыққан жоқ. Соған қарамастан, қатарынан екінші апта финалға шығып, тұрақты ойын көрсеткенімізге қуаныштымыз. Осындай кездесулер бізге үлкен тәжірибе сыйлап, әлі де қай бағытта жұмыс істеу керектігін түсінуге көмектеседі.
Өз елімізде, өзімізге таныс корттарда және жанкүйерлеріміздің қолдауымен өнер көрсету ерекше әсер сыйлайды. Қазақстан теннис федерациясына елімізде өткен халықаралық турнирге қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз. Біз әртүрлі мемлекеттердегі жарыстарға қатыстық, бірақ мұндағы ұйымдастыру деңгейі — корттардың дайындығынан бастап спортшыларға жасалған жағдайға дейін — өте жоғары деңгейде болды», — деді Асылжан Арыстанбекова мен Инкар Дүсебай.
Айта кетейік, қазақстандық жұп турнирдің алғашқы аптасында да финалға дейін жеткен болатын. Осылайша, Арыстанбекова мен Дүсебай қатарынан екі апта бойы өз алаңындағы World Tennis W15 турнирінің финалистері атанды.
Жекелей сында Таиланд өкілі Камонван Йодпетч чемпион атанды. Финалда ол ресейлік Екатерина Тупицынаны жеңді.
Астанада өткен екі апталық халықаралық турнир қазақстандық теннисшілерге қосымша ойын тәжірибесін жинап, рейтингтік ұпай еншілеуге мүмкіндік берсе, жанкүйерлер әлемнің әртүрлі елдерінен келген болашағынан зор спортшылардың өнерін тамашалады.
Айта кетсек,
Астанадағы Ұлттық теннис орталығының Beeline Arena корттарында ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының жазғы теннис чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан