14 сағат бұрын
Александр Шевченко Almaty Open ATP 250 турнирінде өнер көрсетеді
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко 17-25 қазан аралығында Алматыда өтетін Almaty Open ATP 250 халықаралық турниріне қатысатынын растады, деп хабарлайды Sport12.kz.
25 жастағы теннисші соңғы бірнеше маусым бойы ATP Tour жарыстарында тұрақты өнер көрсетіп келеді. Шевченконың әлемдік рейтингтегі ең үздік көрсеткіші — 45-орын. Ол бұл нәтижеге 2024 жылдың ақпан айында қол жеткізді.
Биылғы маусымда қазақстандық теннисші бірқатар табысты нәтижелер көрсетті. Наурыз айында Майамиде өткен ATP Masters 1000 турнирінде Шевченко сол кезде әлемдік рейтингтің үздік ондығына кірген америкалық Бен Шелтонды тартысты кездесуде жеңді. Сондай-ақ оның осы маусымдағы үздік нәтижелерінің бірі Швейцарияның Гштаад қаласында өткен ATP 250 турнирінің жартылай финалына шығуы болды.
Шевченко 2024 жылдан бері халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсетіп келеді. Сол жылы ол Париж Олимпиадасында ел намысын қорғады.
Almaty Open ATP 250 дәстүрлі түрде мықты теннисшілердің басын қосады және ATP Tour ресми күнтізбесіне кіреді. Турнир Қазақстандағы күз мезгілінің ең ірі халықаралық спорттық іс-шараларының бірі саналады және жыл сайын түрлі елдерден келген жанкүйерлердің назарын аударады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Шевченко Цинциннатиде іріктеу кезеңінен аса алмады.
Біздің серіктес: Sport12kz