2 күн бұрын
Қазақстанның жаттықтырушыларды даярлау жүйесі World Tennis тарапынан бағаланды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
World Tennis Қазақстан теннис федерациясының жаттықтырушыларды даярлау жүйесін Gold деңгейінде ресми түрде таныды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Сертификаттау жүйенің халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайды және 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды.
Шешім Федерация ұсынған құжаттарды жан-жақты зерделеу нәтижесінде қабылданды. Қазақстанның жаттықтырушыларды даярлау жүйесі алтын деңгейде танылу үшін World Tennis пен оның Жаттықтырушылар комиссиясы белгілеген барлық талаптарға сай келді.
Gold мәртебесі Федерацияның жаттықтырушыларды High Performance — жоғары деңгейдегі спортшылармен жұмыс істеу сатысына дейін өз бетінше даярлап, сертификаттай алатынын растайды. Бұл білім беру жүйесінің оқыту сапасы мен жаттықтырушылардың кәсіби құзыреттеріне қойылатын халықаралық талаптарға сәйкес екенін көрсетеді.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа жолданған 2026 жылғы 9 қазандағы ресми хатта World Tennis ұйымының халықаралық қатынастар және даму жөніндегі атқарушы директоры Эрик Пул Федерацияны Gold мәртебесіне ие болуымен құттықтады.
Бұл мәртебе Федерацияға жаттықтырушыларды даярлауға арналған оқу материалдары мен ресурстарында, соның ішінде жаттықтырушылардың лицензиялық карталарында World Tennis логотипін пайдалануға құқық береді.
Алтын деңгейге қол жеткізу Федерацияның жаттықтырушыларға білім беру жүйесін дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының маңызды нәтижесі болды. Білікті мамандарды даярлау жаттығу үдерісінің сапасын арттыруға, балалар мен жасөспірімдер теннисін дамытуға және қазақстандық ойыншылардың одан әрі өсуіне негіз қалайды.
Еске салсақ, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты Ухань қаласында өтетін WTA 1000 санатындағы турнирден бас тартты.
Біздің серіктес: Sport12kz