4 сағат бұрын
Данияр Елеусінов үйінде жеке жаттығу залын ашты
Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов үйінде жеке жаттығу залын жабдықтады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстандық боксшы Instagram парақшасында үй жағдайында жаттығып жатқан сәтінің видеосын жариялады. Кадрлардан оның үйінде бокс қапшығы мен арнайы жаттығу құрылғысы бар екенін көруге болады.
«Үйдегі жаттығу залы. Енді бірде-бір жаттығуды жіберіп алмаймын», — деп жазды боксшы.
Айта кетейік, биыл Данияр Елеусінов мас күйде болған екі оқиғадан кейін әкімшілік қамауға алынды.
9 шілдеде Астанада ол көлікті мас күйде жүргізіп, автотұрақтағы қақпа тірегіне соғылған. Бұдан кейін қала көшелерінде тағы екі жол-көлік оқиғасына себеп болып, оқиға орнынан кетіп қалған. Осы жағдайдан кейін боксшы 20 тәулікке қамалып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ал 25 қыркүйекте Алматы әуежайында болған оқиғадан кейін Елеусінов тағы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол Астанаға ұшатын рейс алдында жанжал шығарып, ұшақтан өз бетінше перронға түсіп кеткен. Соның салдарынан бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, полиция жолаушылардың барлығын қайта тексеру үшін ұшақтан түсірген.
Біздің серіктес: Sport12kz