3 күн бұрын
Назым Қызайбай финалдағы жеңілістен кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Таразда өткен ел чемпионатының финалында күтпеген жерден жеңіліс тапқаннан кейін Instagram парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Sport12.kz.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесі үшін айқаста Назым төрешілердің бөлінген шешімімен Элина Базароваға есе жіберді.
Турнир аяқталған соң Қызайбай 2026 жылды қорытындылап, жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Бұл – биылғы соңғы жарысым. Қазақстан чемпионаты. Бұл соңы емес, жаңа жолдың бастауы.
Биыл мен үшін оңай болған жоқ. Үлкен жүктеме, жарыстар, шаршау… Бірақ бір нәтиже мені тоқтата алмайды. Керісінше, бұл маған бұдан да көп жұмыс істеуге, өзімді тыңдауға және өзіме сенуге күш береді.
Кейде өзіңді тыңдаудың орнына, өзгелердің “керек”, “міндеттісің” деген сөздеріне құлақ асып, соңғы күшіңді сарп етесің. Бұл жолы бір нәрсені түсіндім: ең алдымен өзіңді тыңдау керек. Денсаулығыңды күтіп, күшіңді бағалап, мүмкіндігіңді ескеру қажет.
Өмір маған адамдарды сөзіне емес, ісіне қарап бағалауды үйретті. Саған күлімсіреп, қолдау көрсеткендей көрінетін адамдардың бәрі бірдей шынайы емес. Сондықтан енді сөзге емес, іске қараймын. Ең бастысы – өзіңе деген сенімді жоғалтпау.
Енді демалып, жарақаттарымды емдеп, толық қалпыма келетін уақыт жетті. Сабақ алынды, қорытынды жасалды. Бұл нәтиже мені әлсіретпейді, керісінше, одан да мықты етеді.
Мен өзімді білемін. Қандай жолдан өткенімді де жақсы түсінемін.
Менің тарихым әлі аяқталған жоқ. Еңбегімді, жүріп өткен жолымды түсініп, үнемі қолдау көрсетіп, жанымнан табылатын жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Маған сеніп, қандай жағдай болса да бірге болғандарыңыз үшін рақмет!» – деп жазды спортшы.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – бокстан үш дүркін әлем чемпионы, 2024 жылғы Азия чемпионы және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.
Бокстан Қазақстан чемпионаты Тараз қаласында 30 қазан мен 6 қараша аралығында өтті.
Біздің серіктес: Sport12kz