3 күн бұрын
ҚПЛ клубы бас бапкерінің кеткенін ресми түрде жариялады
Астаналық «Жеңіс» клубы бас бапкер Владимир Слишковичпен ынтымақтастықты тоқтатқанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Елорда командасы бұл туралы Instagram парақшасында хабарлады. Клуб босниялық маманның қызметінен кеткенін растады.
«„Жеңіс“ футбол клубы бас бапкер Владимир Слишковичпен ынтымақтастықтың аяқталғанын хабарлайды. Оның жетекшілігімен команда тоғыз матч өткізіп, төрт рет жеңіске жетті және бес рет жеңіліске ұшырады», — делінген клуб хабарламасында.
43 жастағы Слишкович «Жеңісті» 2026 жылдың тамыз айында қабылдады. Қазақстанға келгенге дейін ол Ресей Премьер-лигасында өнер көрсететін мәскеулік «Спартак» пен «Оренбург» клубтарында жұмыс істеген.
Босниялық маманның астаналық клуб тізгініндегі соңғы матчы 17 қазанда Қостанайда «Тоболға» қарсы өтті. Бұл кездесу «Жеңістің» 2:4 есебімен жеңілуімен аяқталды. Бұған дейін елордалық команда «Оқжетпеске» (1:3) және «Атырауға» (1:2) да есе жіберген болатын.
Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы аяқталғанға дейін «Жеңіс» тағы екі матч өткізеді. 24 қазанда елордалық клуб сырт алаңда «Ордабасымен» кездессе, 31 қазанда өз алаңында «Қайсарды» қабылдайды.
Әзірге клубтың жаңа бас бапкерінің есімі ресми түрде жарияланған жоқ.
Біздің серіктес: Sport12kz