3 сағат бұрын
Қазақстандық төрешілер Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінде қызмет атқарады
Фото: ҚФФ
Қазақстандық төрешілер мен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Төрешілік департаментінің директоры 2026 жылғы 11–17 қараша аралығында өтетін 19 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарының іріктеу турнирлеріне УЕФА тарапынан жаңа тағайындаулар алды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстандық бас төреші Болат Сәриев пен төрешінің көмекшісі Алексей Долгих Сан-Маринода өтетін U-19 Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне тағайындалды.
Қазақстандық төрешілер Босния және Герцеговина, Дания, Грузия және Сан-Марино құрамалары қатысатын турнирдің үш кездесуінде қызмет атқарады.
Болат Сәриев екі кездесуде бас төреші, ал бір кездесуде төртінші төреші қызметін атқарады. Алексей Долгих үш матчта да төрешінің көмекшісі болады.
Сонымен қатар, ҚФФ Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштру Данияда өтетін U-17 Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне УЕФА төрешілер инспекторы ретінде тағайындалды.
11–17 қараша аралығында өтетін турнирге Дания, Ирландия, Уэльс және Эстония ұлттық құрамалары қатысады.
Нуну Каштру үш кездесуде УЕФА төрешілер инспекторы қызметін атқарып, төрешілер бригадаларының жұмысын бағалайды, техникалық кері байланыс береді және халықаралық деңгейдегі төрешілердің кәсіби дамуына үлес қосады.
Бұл тағайындаулар қазақстандық төрешілер мен ҚФФ Төрешілік департаменті мамандарының УЕФА жарыстары мен даму бағдарламаларына тұрақты қатысуын көрсетеді.
Қазақстан футбол федерациясы төрешілердің білімін жетілдіру, жұмысын бағалау, кәсіби дамуын қолдау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы төрешілік сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда, бұл қазақстандық төрешілердің еуропалық деңгейде құнды тәжірибе жинақтауына қосымша мүмкіндік береді.
Еске салсақ, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы UEFA Ұлттар лигасының қорытынды кезеңіне дайындықты Түркістан қаласында бастады.
Біздің серіктес: Sport12kz