14 сағат бұрын
Месси 2028 жылғы Америка кубогында жаңа рөл атқаруы мүмкін
Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы, қазіргі таңда «Интер Майами» клубында өнер көрсететін Лионель Месси 2028 жылғы Америка кубогында ұлттық командаға басқа рөлде оралуы мүмкін, деп хабарлайды Sport12.kz.
Аргентиналық Motivaciones Fútbol порталының X әлеуметтік желісіндегі мәліметіне сүйенсек, 39 жастағы футболшыны ұлттық құраманың жас ойыншыларымен жұмысқа тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Болжам бойынша, Месси алаңға шықпай-ақ, тәлімгер міндетін атқарып, тәжірибесімен бөлісіп, аргентиналық футболдың жаңа буынына көмектесуі мүмкін.
Дереккөз сегіз дүркін «Алтын доп» иегерінің ықтимал міндетін 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионаты кезінде ұлттық құраманы қолдаған Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Серхио Агуэроның рөлімен салыстырады. Дегенмен Мессидің 2028 жылғы Америка кубогына тәлімгер ретінде қатысатыны әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Еске салайық, 2026 жылдың қазан айында Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтады. Оның ұлттық құрама сапындағы соңғы кездесуі Бенинге қарсы жолдастық матч болды. Аргентиналықтар бұл ойында 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Ұлттық құрама сапында Месси 2022 жылғы әлем чемпионатын, КОНМЕБОЛ мен УЕФА чемпиондар кубогын және 2021, 2024 жылдардағы Америка кубогын жеңіп алған.
Айта кетейік, Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони 12 қарашада командамен келісімшартын 2030 жылға дейін ұзартты. Ұлттық құраманың алдағы ірі турнирі 2028 жылғы Америка кубогы болмақ. Ал Месси клубтық мансабын «Интер Майами» сапында жалғастырып жатыр. Оның клубпен келісімшарты MLS-тің 2028 жылғы маусымының соңына дейін жасалған.
Біздің серіктес: Sport12kz