8 сағат бұрын
«Ордабасы» «Байер» шабуылшысын қатарына қосуы мүмкін
Шымкенттік «Ордабасы» леверкузендік «Байер» мен Нигерия құрамасының шабуылшысы Виктор Бонифейсті командаға шақыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
AmanVIBE телеграм-арнасының мәліметінше, «Ордабасының» жаңа бас бапкері Карел Герартс 25 жастағы футболшыны Қазақстанға шақырған. Бельгиялық маман мен нигериялық шабуылшы бұған дейін Брюссельдің «Юнион» клубында бірге жұмыс істеген. Қазір де екеуінің арасындағы байланыс жақсы екені айтылады.
Бонифейс биылғы маусымда «Байер» сапында Бундеслигада небәрі екі матчқа қатысқан. Ол негізгі құрамнан тұрақты орын ала алмай жүр. Ал былтыр шабуылшының «Миланға» ауысу жоспары медициналық тексерістен өте алмауына байланысты жүзеге аспады.
Футболшының леверкузендік клубпен келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жасалған. «Ордабасы» оны жазғы трансферлік кезеңде жалға алу немесе толықтай сатып алу нұсқаларын қарастырып жатыр.
Шымкенттік клуб Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне дейін құрамын күшейтуді жоспарлап отыр.
Біздің серіктес: Sport12kz