4 сағат бұрын
Петропавлда UEFA Playmakers жобасы өтті
Фото: ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясы әйелдер футболы департаментінің ұйымдастыруымен өткен жобаға «Қызылжар» әйелдер футбол клубы ойыншылары мен жаттықтырушылары қатысты, деп хабарлайды Sport12.kz
Жоба 5 - 12 жасар қыз балаларды футболға тартуға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және өңірлерде қыздар футболының дамуына ықпал етуге бағытталған.
Қатысушылар бағдарламаны арнайы әдістеме бойынша оқыды, ол теориялық және практикалық бөлімдерді қамтиды. Жаттығулар барысында қыздар түрлі қимыл-қозғалыс тапсырмаларын орындап, доппен жұмыс істеудің бастапқы дағдыларын үйренеді. Сонымен қатар балалардың белсенділігіне, шығармашылық қабілеттеріне және өзара қарым-қатынасына ерекше назар аударылады.
UEFA Playmakers – Диснейдің танымал анимациялық фильмдерінің сюжеттері негізінде әзірленген бірегей бағдарлама. Оның басты ерекшелігі – балаларды футболмен дәстүрлі жаттығулар арқылы емес, ойын, қиял және шығармашылық тапсырмалар көмегімен таныстыру. Осылайша қатысушылар футболдың негізгі элементтерін меңгеріп қана қоймай, өзіне деген сенімділігін арттырып, командалық әрекет ету дағдыларын қалыптастырады.
UEFA Playmakers бағдарламасы Еуропа футбол қауымдастықтары одағының бастамасымен жүзеге асырылады. Қазақстанда жоба қыздар футболын дамыту, балаларға футболды қолжетімді ету және өңірлерде бұқаралық футболдың ауқымын кеңейту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі саналады.
Биыо жоба еліміздің 10 аймағын қамтыды. Бұған дейін Павлодар, Семей, Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды, Алматы, Астана және Қостанай қалаларында ұйымдастырылды.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық халықаралық төреші Татьяна Сорокопудова УЕФА әйелдер Чемпиондар лигасындағы «Аустрия» (Аустрия) мен «Бавария» (Германия) арасындағы матчта бейнеассистент төрешінің көмекшісі (AVAR) қызметін атқарды.
Біздің серіктес: Sport12kz