2 сағат бұрын
Бауыржан Исламхан «Тұранға» ауысуы мүмкін
Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан түркістандық «Тұран» клубына ауысуға жақын. 33 жастағы жартылай қорғаушы жаңа командасымен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Елдар Аманбаев хабарлады.
Футболшы 15 қарашадан бері еркін агент саналады. Ол өткен маусымда елордалық «Астана» сапында 29 ойын өткізіп, үш гол соқты және тоғыз нәтижелі пас берді. Осылайша, Қазақстан Премьер-лигасының үздік ассистенттерінің қатарына енді.
Айта кетейік, Исламхан бұған дейін де «Тұран» сапында өнер көрсетуі тиіс болған. Алайда 2025 жылы жарақатына байланысты түркістандық клубтың ресми матчтарына қатыса алмады. Енді тәжірибелі ойыншының командаға қайта қосылу мүмкіндігі туып отыр.
Биыл «Тұран» Бірінші лига маусымын 57 ұпаймен үшінші орында аяқтады. 26 кездесудің 18-інде жеңіске жетіп, үш рет тең түсіп, бес мәрте жеңілді. Осы нәтиже түркістандық клубқа келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік сыйлады.
Ал Қазақстан кубогында «Тұран» 1/16 финалда жарыстан шығып қалды. Түркістандық команда бұл кезеңде «Елімайдан» 1:4 есебімен жеңілді.
Біздің серіктес: Sport12kz