6 күн бұрын
«Ақтөбе» алғашқы оқу-жаттығу жиынын қашан өткізеді?
Фото: «Ақтөбе» футбол клубы
«Ақтөбе» командасы алғашқы оқу-жаттығу жиынын желтоқсан айында өткізеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Азғантай демалыстан соң команда Түркияның Анталья қаласына жиналып, жаңа маусымға дайындығын бастайды. Алғашқы жиын 13-26 желтоқсан аралығында өтеді.
Жиын барысында қалыпқа келу жұмыстары жүргізіліп, қарағандылық «Шахтер» футбол клубына қарсы жолдастық матч өткізу жоспарланған.
Айта кетсек, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері Игорь Черевченкомен келісімшарт мерзімі ұзартылды.
Игорь Черевченко 1974 жылы Тәжікстанда дүниеге келген. Кәсіби футболдағы алғашқы қадамын Душанбе қаласының «Памир» клубында бастап, кейін Ресейде өнер көрсетті. Ол Мәскеудің «Локомотив», «Торпедо» және Владикавказдың «Алания» командаларының намысын қорғаған.
Бапкерлік мансабында Черевченко ең үлкен жетістікке Мәскеудің «Локомотив» клубында қол жеткізді. Оның жетекшілігімен команда Ресей Кубогының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ол «Балтика» (Калининград), «Арсенал» (Тула), «Химки» және «Факел» (Воронеж) клубтарын жаттықтырды.
Бұдан бөлек, тәжікстандық «Истиклол» клубын басқарған кезеңде команда қатарынан үш рет ел чемпионы атанып, Тәжікстан Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Сонымен бірге ұжымды Азия чемпиондар лигасына шығарды.
Оның көмекшілері де өз жұмысын алдағы маусымда атқаратын болды.
Юрий Батуренко мен Михаил Соловей «Ақтөбе» футбол клубының бапкерлік құрамында қалады. Юрий Михайлович бас бапкердің көмекшісі болса, Михаил Александрович ойыншылардың физикалық дайындығына жауап береді.
Біздің серіктес: Sport12kz