4 күн бұрын
«Барыстың» қазақстандық қақпашысы ҚХЛ-де үздік деп танылды
Қазақстандық қақпашы, астаналық «Барыс» клубының ойыншысы Андрей Шутов Континенталдық хоккей лигасында (КХЛ) күннің үздік ойыншысы атанды. Бұл туралы Sport12.kz хабарлады.
Қазақстандық голкипер лига ұйымдастырған Telegram-дағы жанкүйерлер дауыс беруінде жеңіске жетті. Бұған оның Новосібірдің «Сибирь» командасына қарсы сырт алаңда көрсеткен сәтті ойыны себеп болды.
Кездесу «Барыстың» 1:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Андрей Шутов қақпасына бағытталған 31 соққының барлығын қайтарып, осы маусымдағы екінші «құрғақ» матчын өткізді. Қазақстандық қақпашы КХЛ-дегі мансабында жетінші рет қақпасына шайба жібермей, командасына жеңіс сыйлады.
Матчтағы жалғыз шайбаны 48-минутта астаналық клубтың шабуылшысы Мэйсон Морелли соқты. Оған Логан Дэй мен Кирилл Ляпунов нәтижелі пас берді.
Осы жеңістен кейін «Барыс» 16 матчта 20 ұпай жинап, КХЛ-дің Шығыс конференциясы турнирлік кестесінде екінші орынға көтерілді. Конференция көшін 17 ойыннан кейін 27 ұпай жинаған магнитогорскілік «Металлург» бастап тұр.
Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 19 қазанда Хабаровскіде жергілікті «Амур» командасына қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 14:00-де басталады.
Біздің серіктес: Sport12kz