4 күн бұрын
«Металлург» Андрей Разинге қатысты ресми шешім қабылдады
Магнитогорскінің «Металлург» хоккей клубы бас бапкер Андрей Разинмен келісімшартты тоқтату туралы ресми шешім қабылдады. Тараптар өзара келісім бойынша бірлескен жұмысты аяқтаған. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sports.kz.
Клубтың ресми мәлімдемесінде Андрей Разиннің бас бапкер қызметінен кеткені айтылған.
« «Металлург» хоккей клубы мен Андрей Владимирович Разин бірлескен жұмысты тоқтату туралы келісімге келді. Андрей Владимирович тараптардың өзара келісімі бойынша командамыздың бас бапкері қызметінен кетеді», – делінген хабарламада.
Еске салайық, 6 қазанда Андрей Разин команда ішіндегі келіспеушілікке байланысты уақытша қызметінен шеттетілген болатын. Клуб директоры Алексей Жлобаның түсіндіруінше, бапкер мен хоккейшілер арасында ойынға қатысты мәселелер мен өзара қарым-қатынас жөнінде түсініспеушілік туындаған. Бұл жағдай ұжымдағы жұмыс атмосферасына кері әсер ете бастаған.
Осыдан кейін бас бапкердің міндетін уақытша атқару Владимир Воробьевке жүктелді. Оның жетекшілігімен «Металлург» қатарынан төрт матчта жеңіске жетті. Магнитогорскілік команда «Адмиралды» 3:0, «Салават Юлаевты» 7:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ «Торпедоны» овертаймда 3:2 есебімен жеңіп, минскілік «Динамодан» 3:1 есебімен басым түсті.
Разиннің қызметтен кеткені жарияланған сәтте «Металлург» ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында турнир кестесін бастап тұрған еді. Команданың еншісінде 17 матчтан кейін 27 ұпай бар.
Андрей Разин магнитогорскілік клубты 2023 жылдан бері жаттықтырды. Оның жетекшілігімен «Металлург» 2023/24 жылғы маусымда Гагарин кубогын жеңіп алды. Финалдық серияда Магнитогорск командасы Ярославльдің «Локомотивін» 4:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын.
Біздің серіктес: Sport12kz