16.02.2025

Азиаданың соңғы күнінде қуантқан - шайбалы хоккей құрамасы

Азиаданың соңғы күнінде қуантқан - шайбалы хоккей құрамасы

Қытайда ІХ қысқы Азия ойындары мәресіне жетті. Хоккейден ерлер құрамасы 9 жыл бұрынғы биігінен көрініп, чемпион атанды. Хоккейшілеріміз қысқы Азия ойындарына 1996 жылдан бері тұрақты қатысып, 5 мәрте топ жарды.

Олег Болякин баптайтын елі­міздің ерлер құрамасы финалда Жапония хоккейшілерін 5–0 есебімен ойсырата ұтты. Анд­рей Буяльский 17-минутта есеп ашса, Дмитрий Бреус 21-минут­та екінші шайбаны соқты. 37-минутта Роман Старченко, Кирилл Панюков 42, 44-минуттарда нәти­жені еселеді.

– «Біз Қытайға жүрерде алтын медаль олжалаймыз деп уәде бердік. Жігіттердің ойын жүйесінде ешқандай қате­­­­­­лік кеткен жоқ. Финалдық тартыста Азия құрлығының ­азу­­лы құрамасы саналатын Жа­по­ния хоккейшілерін ірі есеппен жеңдік. Ойын ырғағы құр­­ған жоспарға сай өрбіді. Жі­гіт­­терге шабуылды үде­­­тіп, төпе­леп соққы бағыттау мін­деті жүктелді. Қысқы Азия ойын­­­­­да­рының финалына оңай құ­рама шықпайтыны белгілі. Сондықтан да қарсыластың қорғанысын бұзып, шайба соғу жеңіл тиген жоқ. Ең бастысы – сенім ақталды, – деді бас бапкер О.Болякин.

Қытайдағы дода басталғанда-ақ біздің хоккейшілердің алтыннан үміткер екеніне ешкім шүбә келтірген жоқ. Топтық кезеңде Қытай құрамасын 6-1 есебі­мен ұтты, одан кейін Жапо­ния, Тайпей, Оңтүстік Ко­рея құрамаларын ығыстыр­ды. Ширек финалдық тартыс­та Гонконг, жартылай финалда Қытай хоккейшілерін жеңді. Роман Старченко мен Кирилл Панюков қысқы Азия ойындарының мергені атанып, айдын үстіндегі ойында 9 шайбадан тоғытты. Бір кереметі, біздің жігіттер қарсылас қақпасына ең көп 73 шайба салып, ең аз 8 ғана шайба жіберді.

Қола медальды жарыс қожайындарын 5:2 есебімен ұтқан Оңтүстік Корея хоккейшілері иеленді.

Әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлде­сін еншіледі. Шешуші сын­да­ Оңтүстік Корея құрама­сын 3:0 есебімен жеңді. Ма­лика Алдабергенова, Юлия Буто­рина, Дария Молда­бай шайба соқты.

Алдың­ғы ­ойындарда қыздарымыз Гонконг құрамасын 12-0, Тайланд хоккейшілерін 9-0, Қытайдың Тайпей командасын 5-1, Оңтүстік Кореяны 1-0 есебімен жеңді. Тек Жапония құрамасына 0-4 есебімен есе жіберді. Қысқы Азия ойындарында әйелдер құрамасы бұған дейін 3 мәрте чемпион атанды, 3 рет қола медаль иеленді. Әсіресе қақпашы Арина Щеколова құрамамыздың басты қаһарманы атанып, 150 cоққының 144-ін қайтарды.

Әйелдер командасы әлемдік рейтингте Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореядан төмен тұрғандығын ескерсек, бұл көрсеткіш сенсация ретінде саналары анық.


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас