2 күн бұрын
Қазақстан құрамасы дзюдодан Гран-при турнирінде үздік үштікке енді
Қазақстан құрамасы Хорватияның Загреб қаласында өткен дзюдодан Гран-при турнирінде үш медаль иеленді. 13-15 қараша аралығында ұйымдастырылған жарыста отандастарымыз бір алтын және екі күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медальді 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрқанат Серікбаев салды. Ол финалда бразилиялық Роналд Лиманы иппон әдісімен жеңді. Бұл – Серікбаевтың Гран-при сериясындағы алғашқы жүлдесі.
48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева күміс медаль жеңіп алды. Ол финалға дейін төрт белдесуде жеңіске жеткенімен, шешуші сында 2026 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, италиялық Ассунта Скуттодан жеңілді.
Тағы бір күміс жүлдені Аман Бақытжан иеленді. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қытайлық Тайбэй өкілі Ян Юн Вэйге есе жіберді.
Қазақстанның тағы екі дзюдошысы қола медаль үшін белдесуге дейін жетті. Алайда 63 келіге дейінгі салмақтағы Есмигүл Қуюлова мен 100 келіден жоғары салмақтағы Ерасыл Қажыбаев жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Жалпы медаль есебінде Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды төрт алтын және бір күміс медаль жеңіп алған Бразилия иеленсе, екі алтын және екі қола жүлдесі бар Канада екінші орынға жайғасты.
Біздің серіктес: Sport12kz