10 сағат бұрын
Нұрқанат Серікбаев әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді
Загребте өткен Гран-при турниріндегі сәтті өнер қазақстандық дзюдошылардың Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) рейтингіндегі жағдайына оң әсер етті. Жаңартылған тізімде бірқатар отандасымыз бірнеше сатыға жоғарылады.
Рейтингтегі ең үздік нәтижені Нұрқанат Серікбаев көрсетті. Загребте алтын медаль жеңіп алған қазақстандық дзюдошы алты позицияға алға жылжып, 2 748 ұпаймен оныншы орынға табан тіреді.
Осы салмақта көшбасшылық жапониялық Хифуми Абэнің еншісінде. Оның қоржынында 5 200 ұпай бар. Екінші сатыда 5 000 ұпай жинаған Такеши Такеока тұр. Ал тәжікстандық Нурали Эмомали 4 400 ұпаймен үшінші орында келеді.
Күміс жүлдегерлер арасында да рейтингтегі ілгерілеу байқалды. Аман Бақытжан үш орынға көтеріліп, 2 145 ұпаймен 22-сатыға орналасты. Ғалия Тынбаева болса, бірден 13 позицияға жақсартып, 1 141 ұпаймен 38-орынға шықты.
Загребтегі жарысты бесінші орынмен аяқтаған Куюлова мен Қажыбаев та рейтингте жоғарылады. Куюлова он сатыға ілгерілеп, 1 103 ұпаймен 36-орынға жайғасса, Қажыбаев алты орынға көтеріліп, 1 235 ұпаймен 40-сатыға тұрақтады.
Біздің серіктес: Sport12kz