5 сағат бұрын
Бибісарамен ойнаудан бас тартқан Карлсеннің әрекетін ФИДЕ тәртіптік комиссияға жолдамақ
Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсеннің Будапештте өткен Total Chess World Championship Tour Pilot турниріндегі әрекетіне байланысты мәселені Әдеп және тәртіп комиссиясына жібермек.
Жарыс барысында Карлсен қазақстандық Бибісара Асаубаеваға қарсы матчта рапид пен блиц сайыстарындағы нәтижесінің арқасында жеңісін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Осыдан кейін ол соңғы екі жылдам классика партиясына қатысудан бас тартты. Нәтижесінде кездесу Карлсеннің 21,5:18,5 есебімен жеңісімен аяқталды.
ФИДЕ мәліметінше, турнир кезінде бірнеше шахматшы жоспарланған партияларды ойнамаған. Жарыс тәртібі бойынша қатысушылар барлық кездесуге қатысуы керек. Алайда жеңімпазы алдын ала белгілі болған матчтарда ойналмаған партиялар қорытынды есепке әсер етпеген.
Сонымен қатар федерация Карлсеннің ресейлік Владислав Артемьевпен кездесуіне де назар аударған. Норвегиялық шахматшы екі күнге жоспарланған үш партияны да өткізбеген. Ол кезде матч жеңімпазы әлі анықталмаған еді. ФИДЕ өкілдерінің пікірінше, бұл жағдай жарыстың әділ өтуіне әсер етіп, турнир кестесіндегі орындардың бөлінуіне ықпал етуі мүмкін.
Осыған байланысты федерация Карлсеннің әрекетіне қатысты материалдарды Әдеп және тәртіп комиссиясына (EDC) жолдайды. Комиссия шахматшының әрекеті ұйымның әдеп және тәртіп кодексіне қайшы келетін-келмейтінін қарайды. Әзірге оған қатысты жаза жарияланған жоқ.
Турнирді Карлсен 17-орында, ал Бибісара Асаубаева 20-орында аяқтады. Жарыс жеңімпазы франциялық Алиреза Фирузджа атанды. Екінші орынды Аниш Гири, үшінші орынды Фабиано Каруана иеленді.
Будапешттегі турнир 10–20 қараша аралығында өтті.
Біздің серіктес: Sport12kz