3 сағат бұрын
Бибісара Асаубаева Будапешттегі жарыстан қанша табыс тапты?
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте (Венгрия) өткен Total Chess Pilot 2026 турниріндегі өнерін 20-орынмен аяқтап, 14 мың доллар (6,3 миллион теңгеден астам) сыйақы алды.
Отандасымыз 19-орын үшін өткен матчта америкалық Эндрю Хонгпен кездесіп, екі күннің қорытындысы бойынша 12:28 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы күнгі ойындар 5:15, екінші күнгі кездесулер 7:13 есебімен аяқталды.
Бибісара жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, турнирдің өте ауыр болғанын айтты. Оның сөзінше, 10 күн ішінде әлемнің үздік шахматшыларымен 40-тан астам партия өткізу көп күшін алған.
«Бұл турнирдің аяқталғанына қуаныштымын. Өйткені ол өте көп күшімді алды. Қатты шаршадым, мұндай болады деп күтпедім», – деді шахматшы Telegram арнасында жариялаған видеосында.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 650 мың долларды құрады. Турнир жеңімпазы француз Алиреза Фирузджа 80 мың доллар иеленсе, нидерландтық Аниш Гири 50 мың доллар, америкалық Фабиано Каруана 45 мың доллар сыйақы алды.
Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылған Total Chess Pilot турниріне 24 гроссмейстер қатысты. Олардың арасында 22 ер шахматшы және екі әйел спортшы болды.
Біздің серіктес: Sport12kz