3 сағат бұрын
Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында Жапонияға есе жіберді
Қазақстанның ерлер құрамасы Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен Азия чемпионатында жүлдеге таласудан тыс қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ширек финалда ұлттық құрама Жапония құрамасына 2:3 есебімен есе жіберді.
Қазақстандықтар матч барысында екі рет алға шықты. Алдымен Кирилл Герасименко Хирото Синозуканы 3:2 есебімен жеңсе, кейін Алан Құрманғалиев Юта Танакадан 3:1 есебімен басым түсті.
Алайда жапониялық теннисшілер ойын барысын өзгерте алды. Томоказу Харимото Искендер Харкиді 3:0, Кирилл Герасименконы 3:1 есебімен жеңді. Ал шешуші кездесуде Хирото Синозука Искендер Харкиден 3:0 есебімен басым түсті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының жүлдесіне таласу мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен ұлттық құрама турнир аясында 5–8-орындар үшін өтетін кездесулерге қатысады.
Қазақстандықтардың келесі қарсыласы Үндістан құрамасы болады. Турнирдің осы бөлігіндегі екінші кездесуде Иран мен Гонконг құрамалары ойнайды. Жеңімпаздар бесінші орын үшін таласса, жеңілген командалар жетінші орын үшін кездеседі.
Біздің серіктес: Sport12kz