1 сағат бұрын
Елена Рыбакина маусымның соңғы турнирінен неге бас тартты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 1-орын) 2026 жылғы WTA қорытынды турнирі қарсаңында журналистке берген сұхбатын денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Оқиға қазақстандық теннисшінің польшалық журналист Йоанна Сакович-Костецкаға Canal+ Sport телеарнасы үшін сұхбат беруі кезінде болған. 27 жастағы Рыбакина өзін жайсыз сезінген соң, журналист әңгімені тоқтатуды ұсынған.
«Бәрі дұрыс па? Қаласаңыз, сұхбатты тоқтата аламыз.
– Иә, өтінемін.
– Өзіңізді жайсыз сезініп тұрсыз ба?
– Иә, өзімді жайсыз сезініп тұрмын», – деді Рыбакина.
Кейін қазақстандық теннисшінің WTA қорытынды турниріне қатысудан толық бас тартқаны белгілі болды. Ұйымның ресми мәліметінше, бұған вирустық инфекция себеп болған. Рыбакинаның өзі маусым бойғы жоғары жүктемеден кейін ағзасының жарысқа қатысуға физикалық тұрғыдан дайын емес екенін түсіндірді. Енді ол үйінде демалып, қалпына келуге және 2027 жылғы маусымға дайындалуға ниетті.
Рыбакинаның орнына турнирге украиналық Марта Костюк (рейтингте 10-орын) қатысады. Ол 8 қарашада чехиялық Линда Носковамен (8-орын) кездеседі. Сондай-ақ бұл топта америкалық Коко Гауфф (4-орын) пен Джессика Пегула (5-орын) өнер көрсетеді.
Еске салайық, Рыбакина 2025 жылы Эр-Риядта жеңіп алған WTA қорытынды турнирінің чемпионы атағын қорғауы тиіс еді. Қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымды 54 жеңіс, 14 жеңіліс және төрт титулмен аяқтады. Оның еншісінде Australian Open және US Open турнирлерінің жеңістері де бар.
Жарысқа қатысудан бас тартқанына қарамастан, Рыбакина мансабында алғаш рет күнтізбелік жылды әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде аяқтайды.
Біздің серіктес: Sport12kz