03.11.2026
Олимпиада-2028: UWW күрес балуандары үшін жаңа іріктеу жүйесін бекітті
Біріккен күрес әлемі (UWW) Лос-Анджелес Олимпиадасы-2028 цикліне арналған рейтингтік ұпай есептеу жүйесін бекітті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жаңа ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Басты өзгеріс – енді балуандар тек жарыстағы қорытынды орны үшін ғана емес, әр жеңген белдесуі үшін де ұпай алады. Бұл ретте Ranking Series санатындағы турнирлердің маңызы арта түспек.
Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жеңімпазға 40 мың ұпай беріледі. Әр жеңіске қосымша екі мың ұпай қосылады. Ал бірде-бір белдесуде жеңіске жетпеген қатысушыға 250 ұпай есептеледі.
Ranking Series турнирлерінде бірінші орын алған балуан 20 мың ұпай иеленеді. Әр жеңісі үшін тағы мың ұпай беріледі. Құрлық чемпионаттары мен ойындарында жеңімпазға 10 мың ұпай, ал әр жеңіске 500 ұпай қарастырылған.
Егер салмақ дәрежесінде сегізден аз қатысушы болса, жүлделі орын үшін берілетін тұрақты ұпай саны екі есе азаяды. Ал жарыстан шеттетілген, өз еркімен қатысудан бас тартқан немесе жіктеуден өтпеген спортшылар рейтингтік ұпай алмайды.
Олимпиадалық рейтингті қалыптастыру кезінде UWW балуандардың жеті жарыс ішіндегі ең үздік бес нәтижесін есепке алады.
2027 жылы бұл тізімге үш Ranking Series турнирі, құрлық чемпионаты және әлем чемпионаты кіреді. Ал 2028 жылы балуандар бір Ranking Series жарысы мен құрлық чемпионатында ұпай жинай алады.
Рейтингтік іріктеу қорытындысы бойынша әр олимпиадалық салмақта үш балуанға 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама беріледі. Осылайша, енді әрбір жеңген белдесу Олимпиада лицензиясы үшін күресте маңызды рөл атқарады.
Біздің серіктес: Sport12kz