1 күн бұрын
Овечкин рекорд орнатқан матчта «Вашингтон» ірі есеппен жеңілді
Ұлттық хоккей лигасында (NHL) Александр Овечкин өнер көрсететін «Вашингтон Кэпиталз» өз алаңында «Баффало Сэйбрзден» 3:6 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
20 қарашада Вашингтондағы «Кэпитал Уан-Аренада» өткен кездесуде қонақтар бірінші кезеңде-ақ төрт шайба соқты. Джек Куинн (6-минут), Расмус Далин (10-минут), Бек Маленстин (11-минут) және Зак Бенсон (16-минут) мергендік танытты. Ал алаң иелері сапынан Алекс Тух есеп айырмасын қысқартты.
Екінші кезеңнің соңғы минутында Тейдж Томпсон басымдықты тағы бір шайбаға арттырды. Үшінші кезеңде Райан Леонард (49-минут) пен Бун Дженнер (50-минут) «Вашингтонның» үмітін оятқанымен, 60-минутта Джек Куинн бос қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды. Осылайша, матч 6:3 есебімен «Баффалоның» пайдасына аяқталды.
Кездесуде Александр Овечкин командасының үшінші шайбасына нәтижелі пас берді. Осы көрсеткішінің арқасында ресейлік шабуылшы «Вашингтон» тарихындағы нәтижелі пастар саны бойынша жеке рекорд орнатты. Ол швециялық Никлас Бэкстремнен озып, көрсеткішін 763 пасқа жеткізді. Бэкстремнің еншісінде 762 нәтижелі пас бар.
Алайда 41 жастағы хоккейші голсыз сериясын тоқтата алмады. Ол қатарынан 15 матч бойы шайба соға алмай жүр. Кездесудің үздік ойыншысы Джек Куинн атанды. Ол екі гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Бұл жеңілістен кейін «Вашингтон» 20 матчта 20 ұпай жинап, қатарынан төртінші рет жеңіліске ұшырады. Ал бес матчтық сәтсіз сериясын үзген «Баффало» 22 ойыннан кейін 22 ұпайға ие болды.
«Вашингтон» келесі кездесуін 22 қарашада сырт алаңда «Бостон Брюинзге» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 05:00-де басталады.
Біздің серіктес: Sport12kz