19.10.2026
Тарихта алғаш рет қазақстандық семсерлесушілер әлемдік рейтингте көш бастады
Қазақстанның ерлер құрамасы (сапы) Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде алғаш рет бірінші орынға шықты. Бұған Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңіндегі жеңіс негіз болды.
Соңғы бір жылда қазақстандық семсерлесушілер бірнеше ірі халықаралық жарыста үздік нәтиже көрсетті. 2025 жылдың қарашасында Ар-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарған құрама 2026 жылдың маусымында Нью-Делиде Азия чемпионы атанды. Шілдеде Гонконгта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, қыркүйекте Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өткен Азия ойындарында да жеңіске жетті.
Касабланкадағы Әлем кубогына Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингтің үшінші сатысында келді. Турнирде бес кездесуде жеңіске жеткен отандастарымыз финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен ұтып, алтын медаль иеленді. Осы нәтиже ұлттық құраманы әлемдік рейтингте бірінші орынға шықты. Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов тарихи жетістіктің жас спортшылар үшін маңызын атап өтті.
«Бұл нәтижені ерекше ететін жайт — Касабланкада жаңартылған құраммен өнер көрсеткеніміз. Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов пен Кирилл Павлов қорғады. Олардың үшеуі — жаңа буын өкілдері. Бұған қоса, әлем чемпионы атанған төрт спортшының екеуі бұл турнирге қатысқан жоқ.
Осы құраммен біз ерлер арасындағы командалық сапы сайысында 23 рет әлем чемпионы болған Францияны жеңдік. Бұл елімізде мықты көшбасшылармен қатар, әлемнің үздік командаларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын жас спортшылар өсіп келе жатқанын көрсетеді», — деді федерация басшысы.
Қазақстан құрамасы жарыс жолында ең әуелі Түркияны 45:20 есебімен ұтты. Одан кейін Гонконг спортшыларын 45:28 есебімен жеңсе, ширек финалда Мысырдан басым түсті. Жартылай финалда Францияны 45:39 есебімен жеңген қазақстандықтар финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер ел тарихында алғаш рет FIE әлемдік рейтингінің көшбасшысы атанды.
Біздің серіктес: Sport12kz