2 күн бұрын
Қазақстандық боксшы спорттағы мансабын аяқтады
Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Ол 2022 жылы WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін кубалық Давид Моррельмен жұдырықтасып, 12-раундта ауыр нокаутқа түскен еді. Бас-ми жарақатына байланысты жасанды комаға енгізілген спортшы кейін емделіп, біртіндеп қалпына келді.
Ербосынұлының айтуынша, медициналық тексерулерден кейін неврологтар оған боксқа оралмауға кеңес берген. Алайда ол кәсіпқой рингке қайта шығу үмітін ұзақ уақыт бойы сақтап келген.
«Міне, бәрі аяқталды. Енді мені кәсіпқой боксшы ретінде рингтен көрмейсіздер. Мұны айту маған оңай емес. Дегенмен бүгін бар шындықты ашық айтып бергім келеді. 2022 жылғы жеңілістен кейін біраз уақыт бокстан қол үздім. Бірақ денем спорттан алыстағанымен, ойым үнемі бокста болды. Қолғапты біржола шегеге ілген жоқ едім», – деді Ербосынұлы.
Айта кетейік, Айдос Ербосынұлы суперорта салмақта өнер көрсетіп, WBA International, WBO Global және WBC Asia нұсқалары бойынша чемпиондық атақтарды иеленген. Кәсіпқой бокстағы алғашқы 16 жекпе-жегінде жеңіске жеткен спортшының рекорды – 16 жеңіс, 1 жеңіліс. Оның 11 жекпе-жегі нокаутпен аяқталған.
Біздің серіктес: Sport12kz