1 сағат бұрын
Бокстан Қазақстан чемпионатында қай өңірдің боксшылары үздік шықты?
Тараз қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігінде 20 салмақ бойынша ел чемпиондары анықталды.
Ерлер арасындағы чемпиондар
Ерлер бәсекесінде он салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық атақ сарапқа салынды. Финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша алтын медаль иеленген боксшылардың тізімі төмендегідей:
- 50 келі – Нұрзат Оңғаров (Жамбыл облысы);
- 55 келі – Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы);
- 60 келі – Әділбек Қожахан (Жетісу облысы);
- 65 келі – Абзал Серік (Шымкент);
- 70 келі – Фарух Тоқтасынов (Алматы);
- 75 келі – Нұрбек Мұрсал (Алматы);
- 80 келі – Санжарәлі Бегалиев (Шымкент);
- 85 келі – Темірлан Мұқатаев (Астана);
- 90 келі – Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы);
- +90 келі – Данияр Рахымбердинов (Алматы).
Ерлер арасындағы жарыста Алматы боксшылары үш алтын медаль жеңіп алды. Шымкент өкілдері екі салмақта топ жарды. Қалған бес чемпиондық атақ Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Астана және Ақтөбе облыстарының боксшыларына бұйырды.
Әйелдер арасындағы чемпиондар
Әйелдер арасында да он салмақ дәрежесінде үздіктер анықталды. Қазақстан чемпионатының алтын жүлдегерлері:
- 48 келі – Гүлназ Бөрібаева (Қарағанды облысы);
- 51 келі – Анита Әдішева (Қарағанды облысы);
- 54 келі – Элина Базарова (Шымкент);
- 57 келі – Ұлжан Сәрсенбек (Түркістан облысы);
- 60 келі – Виктория Графеева (Алматы);
- 65 келі – Аида Әбікеева (Қарағанды облысы);
- 70 келі – Бақыт Сейдіш (Алматы);
- 75 келі – Шұғыла Нәлібай (Түркістан облысы);
- 80 келі – Надежда Рябец (Қостанай облысы);
- +80 келі – Елдана Тәліпова (Алматы).
Әйелдер арасындағы бәсекеде Алматы мен Қарағанды облысының өкілдері үш-үш алтын медальдан иеленді. Түркістан облысының боксшылары екі салмақта чемпион атанса, Шымкент пен Қостанай облысының спортшылары бір-бір алтыннан жеңіп алды.
Жалпы командалық есепте Алматы көш бастады
Ерлер мен әйелдер арасындағы нәтижелерді қосқанда, Алматы құрамасы алты алтын медальмен жалпы есепте бірінші орынға шықты.
Қарағанды облысы мен Шымкент қаласының боксшылары үш-үш алтыннан иеленсе, Түркістан облысының өкілдері екі чемпиондық атаққа қол жеткізді. Қалған алты алтын медаль Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Астана қаласының спортшыларына бұйырды.
Айта кетейік, бокстан 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты 30 қазан мен 6 қараша аралығында Тараз қаласында өтті. Ұлттық біріншілікке еліміздің 20 өңірінен 369 спортшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында жалпы 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды.
Біздің серіктес: Sport12kz