1 күн бұрын
АҚШ-та Нұрсұлтановтың титулдық мүмкіндігі талқыланды
АҚШ-тың Boxing News 24 басылымы қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың қазіргі жағдайына баға берді. Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамеспен жекпе-жек күтіп жүрген отандасымыздың титулдық мүмкіндікке қол жеткізуі тағы кейінге шегеріліп отыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Басылым авторы Том Гэлмнің пікірінше, Адамеске 14 қарашада Джером Уорбертонмен титулға талассыз жекпе-жек өткізуге рұқсат берілуі Нұрсұлтановтың чемпиондық кездесуін тағы да кешіктіреді.
Мақалада қазақстандық боксшының 2023 жылдың соңында Хулио Аламосты жеңіп, міндетті үміткер атанғанына қарамастан, әлі күнге дейін жекпе-жек өткізбей жүргені сынға алынған. Автордың айтуынша, WBC ұйымы уақытша титулдар мен арнайы рұқсаттар үшін төлем жинап жатқанда, Нұрсұлтанов жекпе-жексіз және табыссыз қалып отыр.
Сондай-ақ басылым Адамес сенбі күні жеңіске жеткен жағдайда, WBC ұйымы одан келесі жекпе-жегін міндетті үміткер Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы өткізуді талап етуі керек деп есептейді.
Арнайы рұқсат шарты бойынша Джером Уорбертон Адаместің чемпиондық белбеуін жеңіп ала алмайды. Алайда қазіргі чемпион жеңілген жағдайда, титул бос қалады.
Еске салайық, қыркүйек айында Нұрсұлтанов америкалық Хесус Рамоспен WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуы керек еді. Алайда Рамос таразы рәсімінен кейін тағамнан улануы мүмкін деген күдікпен жекпе-жектен бас тартты.
Біздің серіктес: Sport12kz