2 күн бұрын
Рингте ауыр жарақат алған боксшы көз жұмды
Ирландиялық боксшы Ли Ривз 31 жасында өмірден өтті. Ол жекпе-жек кезінде алған ауыр жарақатынан кейін үш ай бойы комада жатқан, деп хабарлайды Sport12.kz.
Тамыз айында Дублинде өткен кездесуде Ривз отандасы Гэри Каллиден нокаутпен жеңілген еді. Жекпе-жектен кейін оның миына ота жасалып, содан бері жасанды комада жатқан.
Өткен демалыс күндері боксшының ағзасында инфекция пайда болып, соның салдарынан ол 16 қарашада көз жұмды.
Жекпе-жекті ұйымдастырған Queensberry Promotions промоутерлік компаниясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Queensberry компаниясының барлығы Ли Ривздің қайтыс болғаны туралы хабарды ауыр қабылдады. Ли өте талантты боксшы еді. Ол өзі өмір сүрген қоғамдастық үшін үлгі тұтарлық әрі шабыт беретін тұлға болды», – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Гэри Калли де әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы бұрыннан таныс қарсыласының қазасына байланысты көңіл айтты.
Әуесқой бокста Ривз бес рет ұлттық чемпион атанған. Кәсіпқой рингте 18 жекпе-жек өткізіп, 16 рет жеңіске жеткен. Оның 11-інде қарсыласын нокаутпен ұтқан.
Біздің серіктес: Sport12kz