6 сағат бұрын
Төрехан Сабырхан Головкиннің жетістігінен асып түсуді көздейді
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан алдағы мансабына қатысты үлкен мақсатын айтты. Ол алдымен Олимпиада чемпионы атанып, кейін кәсіпқой бокста Геннадий Головкиннің жетістігінен асып түсуді жоспарлап отыр.
«Головкин ағамызды қазір бүкіл әлем таниды. Алла қаласа, одан асып түсу – менің мақсатым. Олимпиада чемпионы атансам, кәсіпқой бокстағы көптеген промоутерлер өздері келеді. Мен оларға емес, олардың маған келгенін қалаймын», – деді боксшы Sport Talks Podcast арнасына берген сұхбатында.
Сабырхан екі дүркін Олимпиада чемпионы Василий Ломаченконы үлгі тұтатынын жеткізді. Ол кәсіпқой боксқа ауысқан жағдайда келісімшарт талаптары мен қарсыластарын өзі таңдауға мүмкіндік болғанын қалайды.
Сонымен қатар қазақстандық боксшы жанкүйерлерінің өз жекпе-жектерін тамашалау үшін Головкиннің кездесулеріндегідей таңсәріде оянғанын армандайтынын айтты.
Төрехан Сабырхан 2025 жылы «Странджа» халықаралық турнирінде жеңімпаз атанып, жарыстың үздік боксшысы атанды. Сол жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, Қазақстан бокс тарихындағы ең жас әлем чемпионы болды. Ал 2026 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алып, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, Сабырхан кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген.
Біздің серіктес: Sport12kz