11.03.2025
Футзалдан Қазақстан - Армения кездесуінде кім төрешілік жасайды?
Фото: ҚФФ
Футзалдан Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы Қазақстан -Армения кездесуінде қазылық жасайтын төрешілер құрамы белгілі болды.
Бас төреші қызметін германиялық Максимилиан Алькофер атқарса, екінші төреші де сол лдің өкілі Свен Шрайбер. Үшінші төреші словакиялық Петер Будак.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Кездесу 12 наурыз күні Астана уақыты бойынша 20:00-де басталады. Ойынды Армения футбол федерациясы Техникалық орталығының академиясы қабылдайды. Тікелей көрсетілімді «Qazsport» телеарнасы ұсынады.
10 наурызда футзалдан Қазақстан құрамасы Астана – Мәскеу – Ереван бағыты арқылы Арменияға ұшып келді.
Бас бапкер Рикардо Кака ұзақ жолдан кейін ойыншылардың денесін ширату үшін Армения астанасында алғашқы жаттығуында жасап үлгерді. Ертеңге ойын алды ресми жаттығу жоспарланған.
Қазақстан мен Армения құрамалары Еуропа чемпионатының іріктеу аясында небәрі екі рет кездесіп, екі ретте де жеңімпазды анықтай алмаған. Алғаш рет сонау 2004 жылы іріктеуде 2:2 есебімен тарқасты, екінші тең кездесу өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде тіркелді – 4:4.
2026 жылы Латвия мен Литва елдерінде өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне тікелей жолдама алу үшін Қазақстан құрамасына Армениямен өтетін ойында үш ұпай ауадай қажет. Топтық кезеңде екінші орын алған құрама 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін өтпелі ойындары арқылы бақ сынап, жолдамаға таласады.
Айта кетейік, футзалдан Қазақстан құрамасы УЕФА рейтингінде 3-орында тұр. Ал Армения құрамасы бұл рейтингте 17-орынға жайғасқан.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан