4 сағат бұрын
«Ордабасы» шабуылшысы бұрынғы клубынан неге кеткенін түсіндірді
Шымкенттік «Ордабасы» клубының шабуылшысы Бьорн Йонсен Сауд Арабиясының «Әл-Вехда» командасында өткізген кезеңі туралы айтып, Қазақстанға келгенге дейін не себепті клуб ауыстыруға мәжбүр болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
— Кутаиси мен Шымкент арасындағы мансабыңызда Сауд Арабиясы да болды. Ол жақта неге ойдағыдай болмады?
— Бұған көптеген себеп болды. Жалпы, жағдай менің кінәмнен болған жоқ. «Әл-Вехда» — Сауд Арабиясындағы тарихи клубтардың бірі әрі өте ірі команда. Менің білуімше, олар жергілікті чемпионаттың алғашқы чемпионы болған. Сондықтан клубтағы талап әрдайым жоғары. Біз сол кезде жоғары дивизионнан түсіп қалып, бірден қайта оралуымыз керек еді. Бұл менің де мақсатым болатын. Өкінішке қарай, маусымның соңғы матчында плей-офф аймағына екі ұпай жетпей қалдық. Осылайша, алдымызға қойылған міндетті орындай алмадық.
Одан кейін клубта үлкен өзгерістер болды. Жаңа қожайын келді. Футболда мұндай жағдайдан кейін команданың құрамы түгелге жуық өзгеретінін білесіздер. Жақында «Астанада» да осындай жағдай болды. Мен сол өзгерістердің ортасында қалдым. Дегенмен, қазір бәрінің осылай болғанына қуаныштымын. Өйткені осының арқасында Қазақстанға келе алдым, — деді норвегиялық шабуылшы.
Йонсен маусым барысында «Ордабасы» сапына қосылып, чемпиондық үшін күресте команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Қазақстан Премьер-лигасының биылғы маусымында ол 17 матчқа қатысып, 14 гол соғып, үш нәтижелі пас берген.
Еске салайық, ҚПЛ-2026 турнирінің 29-турының қорытындысы бойынша «Ордабасы» мерзімінен бұрын чемпиондық атағын қамтамасыз етті. Бұған алматылық «Қайраттың» ұпай жоғалтуы себеп болды. Маусымның аяқталуына бір тур қалғанда шымкенттік клуб ең жақын қарсыласынан төрт ұпайға озып, турнир кестесінде ешкімге жеткізбейтін басымдыққа ие болды.
Біздің серіктес: Sport12kz