5 сағат бұрын
«Қайсар» өкілі «Жеңістің» ұсынысын ашық айтты
Қызылордалық «Қайсар» клубы директорының кеңесшісі Айбек Қабылша «Жеңіспен» Қазақстан кубогы аясындағы матчқа қатысты тараған қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ол Nursultan Qurman YouTube-арнасына берген сұхбатында елорда клубы «Қайсарға» Кубокты беріп, Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында үш ұпай алуға мүмкіндік ұсынғаны туралы әңгімеге пікір білдірді.
— Жақында бұл туралы «Жеңіс» клубындағы басшылардың бірімен сөйлестім. Әңгіме «Кубокты бізге беріңдер, соңғы турда бізбен ойнайсыңдар, ол кезде үш ұпай өте маңызды болады» дегенге саяды. Ойланып қарасам, Премьер-лигада қалу Қазақстан кубогының финалына шыққаннан әлдеқайда маңызды еді. Бірақ маған ешкім мұндай ұсыныс жасаған жоқ. Басқа деңгейде қандай да бір келісім болды ма, білмеймін. Егер менен осылай сұрағанда, беруге дайын болар едім. «Қайсар» тамызда финалға шыққанда, турнир кестесінде соңғы орында тұрған жоқ. Ол кезде «Жетісу», «Алтай», «Ертіс» және «Каспий» бізден төмен еді. Сондықтан мұндай ой тіпті басыма келмеді, — деді Айбек Қабылша.
Еске салайық, 2026 жылғы Қазақстан кубогының жартылай финалында «Қайсар» екі матчтың қорытындысы бойынша «Жеңісті» жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Қызылордалықтар өз алаңында 3:1 есебімен басым түсіп, қарымта кездесуде 2:3 есебімен жеңілген еді.
Алайда Қазақстан Премьер-лигасының шешуші, 30-турының матчында «Қайсар» дәл осы «Жеңіске» 1:2 есебімен есе жіберіп, элиталық дивизионда қалу мүмкіндігінен айырылды.
Маусым қорытындысы бойынша қызылордалық клуб 30 матчта 25 ұпай жинап, 16-орынмен Бірінші лигаға түсіп қалды. Бұған қоса, команда Қазақстан кубогының финалында шымкенттік «Ордабасыдан» 1:4 есебімен ойсырай жеңілді.
Біздің серіктес: Sport12kz